Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі үйден шықпай-ақ, онлайн алуға болатын мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды zakon.kz.
ҚР ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, бүгінгі таңда 690 мемлекеттік қызмет онлайн түрде ұсынылады. Бірақ тексеру нәтижесінде олардың кейбіреулерінде әлі күнге дейін автоматтандырылмаған ұсақ түрлері бар екені белгілі болды.
Айталық, жылжымайтын мүлікті тіркеу кезіндегі мұндай қызметтер 25-тен асады. Біз бұл қызметті әрдайым автоматтандырылған деп белгіледік, онлайн форматта ұсынылады деп ойладық. Қызмет автоматтандырылды, бірақ халық ХҚКО-ға баруды жалғастыруда. Біз оның ұсақ түрлері бар екенін анықтадық – бұл кепілді тіркеу, жер учаскесіне құқықтарды тіркеу, келісімшарт талаптарын өзгерту. Бұл ілеспе қызмет түрлерінің барлығы автоматтандырылмаған, - деп түсіндірді ол Мәжілістегі Үкімет сағаты кезінде.
Осыған байланысты Министрлік мемлекеттік қызметтердің барлық кіші түрлерін автоматтандыруды ұсынады, соның арқасында олардың 2 мыңға жуығын онлайн алуға болады.
Қызметтердің 90%-ы негізінен, автоматтандырылған, бірақ қазір біз кіші түрлерін ескере отырып, мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейту туралы ұсыныспен келе жатырмыз. Біз әр кіші қызмет түрлерін автоматтандыруды бастаймыз. Мысалы, заңды тұлғаларды немесе бизнесті тіркеуді электрондық үкімет арқылы жүргізуге болады, бірақ құрылтайшылар ауысқан кезде ХҚКО-ға баруға тура келеді. Сондықтан біз қазір барлық кіші қызмет түрлерін бөлек бекітеміз және 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметтердің тізімін кеңейтеміз, - деді Мусин.
Министр мемлекеттік органдар 1788 мемлекеттік қызметті онлайн қолжетімді етуге өз келісімін бергенін айтты.
Бақытжан Отарбаева