Өскемен мен Шүлбі ГЭС-тері арабтардың қолына өтуі мүмкін

Бұған қоғам мен сала мамандары қарсы болып отыр.

Елде Өскемен мен Шүлбі су электр станцияларын шетелдік инвесторлардың қолына беру туралы мәселе қарастырылып жатыр.

Бұл туралы inbusiness.kz жазады.

Бұған дейін Қазақстан мен БАӘ үкіметтері басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларацияға қол қойғаны белгілі болды. Құжатқа сәйкес Үкімет Абу-Даби инвесторлары мен Қазақстандық инвесторлар консорциумына "Шүлбі", "Өскемен" ГЭС-терін сатып жіберуі мүмкін.

Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков бұл мәселеге қатысты журналистер сұрағына:

"Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі халықаралық консультантты тарта отырып, осы объектілерге (Өскемен және Шүлбі ГЭС – ред.) бағалау жүргізуде. Осыдан кейін араб тарапымен келіссөздер жүргізілетін болады", – деп жауап берген.

Вице-министр су электр станцияларының құнын бағалау жыл соңына дейін созылуы мүмкін деп болжаған.

Бұл мәселе "Ашық нормативті құқықтық актілер" порталында қоғам талқысына шығарылған. Ол жерде барлық азамат пікір білдіре алады. Қазір пікір жазғандардың барлығы дерлік сатуға қарсы болып отыр.

Араб инвесторлары туралы сөз қозғалмай тұрғанға дейін inbusiness.kz-ке сұхбат берген экономист Петр Своик қазіргі жағдайға ұқсас болжам айтқан.

"ГЭС-терді ресми түрде шетелдіктер, араб елдерінің инвестициялық қорлары алуы мүмкін. Бірақ бұл қордың артында Энергетика министрлігіне ықпал ете алатын жергілікті бір күш тұратынына сенімдімін. Қазақстанда Үкіметтің әрекетіне кім ықпал ете алатынын, шамамен, болжай аламыз ғой..." – деп пікір білдірген ол.

Мамандар Үкіметті кінәлайды

"Мәлім" ақпараттық порталына сұхбат берген қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов мемлекетте ақша тапшы болғандықтан, үкімет стратегиялық нысандарды жеке инвесторға сатқысы келуі мүмкін деп топшылайды. Оның айтуынша, ұлттық қордағы активтер ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына жақындап келе жатыр, сол межеге жеткенде ұлттық қордан ақша ала алмай қаламыз.

"Екіншіден, салық түсімдері азайды. Үкімет "мынанша салық есептелді" дейді, бірақ есептеп жазу бір бөлек те, оны жинау мүлде басқа нәрсе. Меніңше, шын мәнінде, есептелген салықтан аз салық жиналды. Енді үшжылдық бюджеттің орындалмай қалу мәселесі тұр. Сондықтан инвестор тарту туралы шешім шығарды", – дейді Расул Рысмамбетов.

Экономист, KEGOC-тың бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев үлкен өзеннің бойында орналасқан, үлкен су қоймасы бар стратегиялық нысандар бизнес нысан ретінде қарастырылмауы керек деп отыр.

"Қызылағаштағы оқиға 45 адамның өмірін қиды"

Бұған дейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Решетников та Үкіметтің Өскемен және Шүлбі ГЭС-терін жекешелендіру жоспарына наразылығын білдірген болатын. Ол сәуірде станцияларды күтіп ұстау, жөндеу және пайдалану шығындары мемлекеттік бюджетке ауыртпалық түсірмейтінін айтқан.

"2019 жылы Өскемен ГЭС-інің жалпы кірісі 1,8 миллиард теңгені құрады. Шүлбі ГЭС-інің пайдасы 1,2 миллиард теңге. Барлық күрделі шығындар мен ағымдағы шығындарын өз қаражатымен жабылды. Оған ешқандай мемлекеттік инвестициялар тартылмады", – деген Парламент мүшесі.

Решетников атап өткендей, қалалардың тіршілігін қамтамасыз ету де, электр энергиясының бағасы да осы ірі ГЭС-тің жұмысына байланысты. ГЭС-ті жекешелендіру жеке меншік иелерінің халыққа өздерінің тарифтік шарттарын белгілей алуына әкелуі мүмкін, деп депутат өз алаңдаушылығын білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстанның жеке меншік иелерінде осындай ірі ГЭС-терді басқару тәжірибесі жоқ.

"Ауылдық жерлердегі шағын су қоймаларын жеке меншікке бергеннен кейін қайғылы жағдайлар болған. Мысалы, 2010 жылдың наурыз айында Қызылағаш ауылында қайғылы оқиға болды. Бөгеттің жарылуы 45 адамның өмірін қиды, оның ішінде 15-і бала", – деп еске салған болатын Решетников.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: