Агроқалашық елді-мекенінің тағы бір бөлігі газға қосылды

Қаланы газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында.

Елордалық Агроқалашық елді мекенінің тағы бір бөлігі газға қосу мүмкіндігіне ие болды. Енді ол үшін "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-қа тиісті өтінім беру қажет, деп хабарлайды Zakon.kz.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-пен бірлесіп, бұрын газға қосылмаған Агроқалашық тұрғын алабы бөлігінде газ беруді бастады, делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Осылайша, Дүйсенбаев көшесі – Қарталы көшесі – Тілендиев даңғылы – Бөкеев көшесі аумағында тұрғындар газға қосылуға мүмкіндік алды. Осы жылдың қараша айында Агроқалашықтың қалған бөлігін, сондай-ақ Потанин көшесі мен Маскеу көшесі маңындағы секторды газдандыру қамтамасыз етіледі.

Осы ауданда тұратын тұрғындар үйлерін газға қосуға тиісті өтінім беру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға (Республика даңғылы, 24) жүгіну қажет. Толық ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: +7(7172)55-89-75, ішкі:1530, 1527.

Айта кетсек, қазан айының ортасынан бастап Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің тұрғындары да өз үйлерін газға қосып жатыр.

Соңғы екі жыл ішінде елордада 645 шақырымнан астам ішкі кварталдық газбен жабдықтау желілері салынды. Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Оңтүстік-Шығыс, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды.

Осы күзде Промышленный, Агроқалашық және Оңтүстік-Шығыс (қосылмаған бөліктер) тұрғындарына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді-мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде.

Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Қаланы газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: