ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы жалғасып жатқанын айтты, дейді ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Барлық өңірлерде ауыру деңгейінің, стационарлық және амбулаториялық емдеудегі ауыр жағдайлардың санының төмендеуі байқалады. Вирустың репродуктивтілік индексі – 0,93. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі – 33%, реанимациялық төсек-орын жүктемесі – 27%.
Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша "жасыл аймақта" Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, "сары аймақта" – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. "Қызыл аймақта" Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары қалады.
Бүгінгі күні 8,3 млн астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,5 млн астам адам екінші компонентін алды.
Көрші елдердегі күрделі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Үкімет басшысы барлық өңірлерде шектеу шараларының сақталуын және мониторинг топтарының күшейтілген жұмыс режимін қамтамасыз етуді тапсырды.
Нұр-Сұлтан қаласының, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынын арттыру тапсырылды.
Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне тексеру жүргізіп, емдеу мекемелері мен қоймаларда қажетті дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың болу нормаларын қамтамасыз ету тапсырылды.