Бүгін ҚР Парламенті Сенатында "Қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету: талдау, болжамдар және ұсыныстар" тақырыбына арналған үкімет сағаты өтті. деп хабарлайды Zakon.kz.
Палата Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров шараны аша келіп, Мемлекет басшысының еліміздің жаңа экономикалық бағыты, оның ішінде Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін ашуға негізделуі тиіс жеті негізгі қағидаты белгілегенін атап өтті.
Соңғы 5 жылда қадағаланатын субъектілер саны аз ғана өссе де өнеркәсіп кәсіпорындарындағы апаттар 30%-ға арта түскені және жағдайға талдау жасағанда өндірістерде техногендік авариялардың туындау қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде қалып отырғаны атап өтілді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, оның ішінде стратегиялық маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындау, сондай-ақ өнеркәсіпті қолдау шараларын шынайы істермен толықтыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты ұйымдық мәдениеттің бір бөлігі болып табылатын өндірістегі қауіпсіздіктің жоғары мәдениетін қалыптастыру, қолдау және дамыту қажет деп санаймыз. Өйткені ол өндірістік және экономикалық мақсаттардан басым болып, барлық қызмет түрлерінің жалпыға бірдей және ажырамас бөлігі болуы тиіс", - деді Асқар Шәкіров.
Жақында Қарағанды облысының "Абай" шахтасында болған төтенше жағдай секілді қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы проблемаларды шешу аса маңызды. Осы аймақтан сайланған сенатор Сергей Ершов қазір өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамаларды қарау ең өткір мәселе деп санайды.
"Уәкілетті органға қауіпті өндіріс объектілерін жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың бірлескен жоспарын жасау мен бекіту жөнінде тиісті міндеттерді бере отырып, қауіпті өндіріс объектілерін пайдаланатын ұйымдарға техникалық қайта жарақтандырудың бірлескен жоспарын орындау және бірінші басшыға тікелей бағынатын өндірістік жеке бақылау қызметін құруға қажетті шаралар қабылдау міндеттерін бекіту қажет", - деп атап өтті сенатор өз сөзінде.
Парламентшілер сонымен қатар өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы кадрлардың өткір тапшылығын, инспекторлар құрамының қысқаруын, сондай-ақ осы салада ғылыми-зерттеу қызметінің тиісті дәрежеде жүргізілмей келе жатқанын атап өтті.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы ағымдағы жағдай туралы үкімет сағатына қатысушыларға баяндап берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері бір жарым мыңнан астам тексеру жүргізілді. Нәтижесінде заң бұзылғаны туралы 27 мың дерек анықталды, адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қауіпі үшін 1 184 адам 150 миллион теңгеден астам сомаға жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ 432 объектінің жұмысы тоқтатылды.
Министр ағымдағы жылдың сәуір айында қабылданған "Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның арқасында өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы заңнама ережелерін жетілдіруге және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға қол жеткенін атап өтті. Сондай-ақ қауіпті объектілердегі жұмысшылардың еңбек тәртібін жақсарту, азаматтарды қауіпті өндірістік факторлардан қорғау деңгейін арттыру және апат салдарынан өзге адамдарға зиян келтіру ықтималдығын азайту мақсатында 40 нормативтік құқықтық акт бекітілді.
Үкімет сағаты отырысына төрағалық еткен Мұхтар Құл-Мұхаммед кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер мен айтылған ұсыныстар ортақ тізбеге енгізіліп, жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелерге жіберілетінін атап өтті.