ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР-дағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы туралы баяндады, делінеді primeminister.kz сайтында.
Инфекциялық төсектер 30%, реанимациялық төсектер 27% толы.
Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр, "сары аймақта" – Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Атырау облыстары.
Қалған өңірлер және жалпы Қазақстан Республикасы – "жасыл аймақта". Бүгінгі таңда 8,5 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек адамдардың 75%-ы, сондай-ақ 7,8 млн-нан астам адам немесе ересек адамдардың 69%-ы екінші компонентті алды.
Еуропаның көптеген елдерінде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитарлық талаптарды қамтамасыз ету және мониторингтік топтардың оларды сақтауын бақылау бойынша шаралар қабылдауды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Премьер-Министр халықты вакциналаумен және ревакциналаумен қажетті көлемде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
"Біз қазір ДДСҰ ұсынысы бойынша вакциналауға жататын адамдар санатын кеңейтіп жатырмыз. Жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау басталды. Адамдардың өздерінің тандауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сегментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын", — деді А. Мамин.
Қазақстанда ревакцинацияны биылғы 22 қарашада бастау жоспарланған. Бұған дейін салынған вакцинаның түріне қарай, екінші компонентті алған сәтінен бастап 6-9 ай өткен азаматтар егілетін болады.