Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Франциямен өткен ойынның (0:8) нәтижесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Біріншіден, Франциямен ойындағы сәтсіздік үшін отандық жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Біз әрбір жеңілісті ауыр қабылдаймыз. Тағы бір айтарым, негізгі құрамдағы ойыншылардың көпшілігі жарақатына байланысты Парижде ойнай алмады. Бүгінгі таңда бізде ұлттық құраманың резерві жоқ екенін айта кеткен жөн. Команда көшбасшыларын ауыстырған ойыншылар халықаралық деңгейде ойнауға әлі дайын емес.
Қоғамда айтылып жатқан сынға келетін болсақ, мен ашық айтайын: осы және өткен жылдары Қазақстан футбол федерациясына мемлекет бюджетінен 200 миллион теңге бөлініп, ол түрлі жастағы (U17, U19, U21), Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, жағажай және футзал командаларының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға және жарысқа қатысуы үшін жұмсалды. Қандай миллиардтар туралы айтып отырғанын түсінбедім?
Келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік құрылымдар тарапынан жасалатын қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА-дан түскен қаражат есебінен, сондай-ақ демеушілерден ақша тарту арқылы қаржыландырылады.
Сондықтан ұлттық құраманың сәтсіздігінен кейін өзін жарнамалағысы келетін сыншыларға айтарым: тым болмаса мәселені тереңінен түсініп көріңіз, бос сөз айтпас бұрын материалды зерттеңіз. Біздің елде футбол әрқашан болған және әрі қарай да бола береді. Бұл миллиондаған адамдар қызығатын нөмірі бірінші спорт түрі. Әрине, оны жаңа деңгейге көтеру үшін уақыт пен футболға бей-жай қарамайтындардың қолдауы қажет. Ұлттық құрама жеңіске жеткенде, кешегі таққан айыптарыңды ұмытып, үнемі қолдадым дейсің. Сондықтан, жеңілген күнде де, жеңіске жеткен кезде де әрқашан командамен бірге болу керек.
Сондай-ақ алдағы уақытта ұлттық құраманың бас бапкерімен бірге қоғамды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап беру мақсатында жетекші спорт журналистерімен кездесу өткізетінімізді айта кетейін", - деген Айтхожиннің сөзін aladop.kz келтіреді.