AMANAT партиясының «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды

Отан қорғаушылар күні мен ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай елордада «AMANAT» жастар қанаты ұйымдастырған «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жабылу салтанатына партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов, ҚР Қорғаныс министрінің өкілдері, Парламент депутаттары және қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Еліміздің барлық өңіріндегі 10-11 сыныптардың 1700 оқушысының ішінен іріктелген 100-ден астам финалист екі күн бойы жүзуден, кедергілер жолағынан өтуден жарысты және «Менің елім – Қазақстан» тақырыбында әскери-тарихи викторинаға қатысты.

Сурет: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Ойынның нәтижесі бойынша, бірінші орынды Маңғыстау облысының командасы иеленді. Ал екінші орынды Қарағанды облысының оқушылары алса, үшінші орын Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды.

Жеңімпаздарды марапаттаған «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов жобаның басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық сананы және әскери қызметке деген қызығушылықты қалыптастыру екенін атап өтті.

Сурет: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«Бұл – жыл соңына дейін жоспарланған түрлі іс-шаралардың алғашқысы. «Qaisar» жобасы аясында барлығы 25 мың жасты қамту көзделіп отыр. Жалпы, партияны трансформациялау аясында жастар қанатын қайта жандандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «TazaLike» жобасы іске қосылды. Жақын арада ауыл жастарының әлеуетін көтеруге бағытталған «Órleu» жобасын жүзеге асыру басталады», - деді Асхат Оралов.

Сондай-ақ, партияның Атқарушы хатшысы әскери қызметшілер мен армия ардагерлерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық мүддесін қорғап тұрған, әскери антына адал патриоттарды қолдауға ерекше назар аударатынын атап өтті.

Сурет: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«Біздің сарбаздар ТМД елдері қарулы күштері арасында үздіктер қатарында. Оған әскери қызметшілердің жыл сайынғы түрлі халықаралық оқу-жаттығуларға қатысуы мен армия ойындарындағы жеңістері дәлел бола алады. Болашақта ел тәуелсіздігін тұғырлы ететін ол – бүгінгі жастар. Олардың әскерге деген қызығушылығын арттыратын осындай «Qaisar» сияқты жобалардың маңызы өте зор», - деді жиынның жабылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов.

Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев жоба қатысушыларына жауынгерлік ерліктердің тарихы туралы айтып берді. Ол жастарды патриот болуға шақырып, Отан қорғаудан артық мамандық жоқ екеніне тоқталды.

Сурет: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«Бізге әскери бөлімде арнайы экскурсия өткізіп, қару-жарақ түрлерімен таныстырды. «Qaisar» диалог алаңы аясында офицерлер әскери өмірдің қыр-сырына қатысты барлық сұрақтарымызға жауап берді. Осы жобаның арқасында барлық қатысушылар шын мәнінде бір-бірін жақын тартып, өздеріне еліміздің түкпір-түкпірінен жаңа достар тапты», - деп өз әсерімен бөлісті Түркістан облысынан келген қатысушы Әділ Анарбай.

Естеріңізге сала кетейік, партияның жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық жобасын іске қосатыны туралы осы жылы 1 наурызда өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII съезі барысында айтқан болатын.

Нұр-Сұлтан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: