Дробницкий "келесі мәселе Қазақстан екеніне назар аудару қажеттігін" айтты, өйткені оның пікірінше, Украинадағыдай "нацистік процестер мұнда да басталып кетуі мүмкін". Ол мұнда да "орыстар көп" екенін атап өтті.
"Шамадан тыс эмоциялық реакция маған ұнап тұрған жоқ. Менің бағдарламамда Дмитрий Дробницкий Қазақстанға қатысты өз болжамын айтып, пікір білдірді. Бізде сөз бостандығы бар емес пе? Қарапайым адам ретіндегі өз көзқарасын білдірді, ол мемлекеттік қызметкер емес қой, Дмитрийдің өз көрген-білгені бар, ол ұнасын-ұнамасын", - деп РИА Новости Соловьевтің сөзін келтіреді.
Ол осы жағдайдан кейін Дробницкийге қысым көрсетіле бастағанын, тіпті өлтіремін дегендер де болғанын атап өтті. "Бұлай енді болмайды ғой", - дейді ол.
"Мемлекеттік деңгейде біздің барлық шенеуніктер Қазақстан жайлы әрдайым құрметпен жақсы сөздер айтады... Біз Қазақстан басшысының қиын уақытта Санкт-Петербург форумына қатысқанын және біздің басшыларымыздың арасындағы қарым-қатынастар өзара сыйластық, өзара сенімге құрылғанын жақсы білеміз, сондықтан, меніңше, бәріміз де сабырға келіп, сәл тынышталайық, әсіресе, осындай қиын уақытта", - деді Соловьев.
Бұған дейін Дробницкийдің сөзіне қатысты Қазақстан СІМ басшысының орынбасары Роман Василенко мәлімдеме жасаған болатын.
РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өз кезегінде ресейлік саясаттанушылардың Қазақстанға қатысты қисынға томпақ мәлімдемелері Кремльдің ресми ұстанымын танытпайтынын және екі елдің қарым-қатынасына көлеңке түсірмеуі керек екенін атап өтті.