17 наурызда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бір күннің ішінде халықаралық байқаушылармен сегіз кездесу өткізді. Бұл күні ол Әзербайжан, Молдова, Моңғолия ОСК Төрағаларымен, Түркия Республикасы ОСК мүшелерімен, сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, Түркі мемлекеттері ұйымының және Түркі Парламенттік Ассамблеясының делегацияларымен кездесті, делінген ҚР ОСК сайтында.
Ортсайлауком төрағасы делегация мүшелеріне ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын ұсынды, кездесулерге қатысушыларды сайлау заңнамасындағы реформалардың іске асырылу барысымен таныстырды, сондай-ақ кандидаттарды және саяси партиялардың партиялық тізімдерін тіркеу қорытындылары туралы хабардар етті.
Сондай-ақ кездесулер аясында Нұрлан Әбдіров сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан азаматтарының саны, елдегі сайлау учаскелерінің саны және алдағы сайлауға халықаралық байқаушыларды аккредиттеу қорытындылары туралы хабардар етті.
ОСК төрағасы халықаралық байқаушыларға олардың шақыртуға жауап беріп, сайлау процесіне мониторинг жүргізу үшін Қазақстанға келгендері үшін алғысын білдірді. Нұрлан Әбдіров елімізде сайлаудың ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес өтуі үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ ол Ортсайлауком ұлттық заңнамаға және жоғары демократиялық стандарттарға сәйкес еркін және әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын, сондай-ақ алдағы сайлауды байқауды 12 халықаралық ұйым мен 41 елден 793 байқаушы жүзеге асыратынын атап өтті.
Өз кезегінде, делегация өкілдері кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдері бойынша нақтылайтын сұрақтар қойып, сайлау процесін ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап көрсетті.