Мемлекет басшысы алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек екенін атап өтті.
"Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді". Қасым-Жомарт Тоқаев
"Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін" деді президент. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдауы бар.
"Сондықтан Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін. Қысқасы, депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктеледі. Яғни, әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек. Сіздер шешім қабылдайсыздар және сол үшін жұрт алдында жауап бересіздер. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет". Мемлекет басшысы
Еліміздің негізгі басымдықтары ретінде президент екі мәселені атап өтті. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру.
"Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу. Осы орайда, мен Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойымды ортаға салғым келеді". Президент