Саясаттанушы Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуілі туралы: Жағдай тығырыққа тірелді...

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Маңғыстауда бір аптаға жалғасқан мұнайшылардың ереуіліне қатысты пікір білдірді. Сарапшы жағдай тығырыққа тірілгенін, наразылық акциясына қатысушылар әкімдіктің де, ҚМГ-ның да ұсынған келіссөздерінен бас тартқанын айтады.

Саясаттанушы наразылық акциясына шыққан "West Oil" компаниясының қызметкерлері 2018 жылы "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясында жұмыс істегенін еске салды. Оның айтуынша, ол кезде олардан өз еркімен жұмыстан кетуге өтініш жазу ұсынылған. Олардың әрқайсысына жалақының 50%-ы көлемінде 5 жылға алдын ала өтемақы төленген. Яғни, жұмыстан босағандардың әрқайсысы 10-11 млн теңгеден алған. 

"Биыл маңғыстаулық ереуілшілер "мұнайшылардың өз құқықтары үшін әділ күресі" миф екенін ақыры айқындап берді. Алдымен "БерАли" қызметкерлері өз бағын сынап көрді. "Наразылық" арқылы менеджмент өздеріне тимей қалған тендер нәтижелерін өзгертуге тырысса, ал ұжымның өзі "ӨзенМұнайГаз" штатына ілінгісі келді. Нәтижесінде бірнеше қылмыстық істер қозғалды, "Қазмұнайгаз" Маңғыстаудағы еншілес компанияларына тыңғылықты аудит жүргізді.  Оның нәтижесі бойынша да тағы бірнеше қылмыстық істер ашылды. Енді, жекеменшік "West Oil" компаниясының қызметкерлері (негізінен көлік жүргізушілері) деген шықты. Олар өздерін "МаңғыстауМұнайГаз" штатына қайта жұмысқа орналастыруды және жақсы жалақыны талап етеді. Қазірдің өзінде олардың орташа жалақысы 735 мың теңгені құрайды". Данияр Әшімбаев

Саясаттанушы Маңғыстау облысында Жаңаөзен және Жетібай ауылының тұрғындарына мұнай саласында, атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" компаниялар тобында, негізінен, "ӨзенМұнайГазға" жұмысқа орналасу үшін арнайы кезек түзілгенін айтады. Бұл кезекте қазір 9 мыңға жуық жұмыссыз маңғыстаулық тұр.

"Жағдай тығырыққа тірелді. Маңғыстаудағы кен орындары түгесіліп барады. ҚМГ, әкімдік, министрліктер баламалы жұмыс орындарын қарастырып, жаңа жобаларға инвестициялар тартуға тырысуда, бірақ жергілікті тұрғындарды тек ҚМГ-дағы жұмыс қызықтырады. Өзге өңірлерге, мәселен жақында тиісті келісімге қол жеткізілген Татарстанға вахта тәсілімен жұмыс істеуге баруға ешкімнің құлқы болмады". Данияр Әшімбаев

Оның үстіне, саясаттанушының айтуынша, Маңғыстау, жалпы Жаңаөзен халқы, бір жағынан табиғи өсім арқылы, тағы бір жағынан еңбек көші-қоны есебінен тез өсуде. Түркменстанмен шекаралас бұл өңір қандас оралмандар үшін де тартымды. 

Сондай-ақ саясаттанушы кішігірім жұмаққа баланған Маңғыстау туралы мифтің пайда болуына түрткі Үкіметтің қателігін де баса атап өтті. 

"Қалай дегенмен де 1997 жылы ӨзенМұнайГазды жекешелендіруден бас тарту Үкіметтің қателігі болды, нәтижесінде кішігірім жұмаққа баланған Маңғыстау туралы миф пайда болды. 2011 жылғы оқиғаларға қатысушыларды "қаһарман" ретінде тануға берілген келісім де қателік болды. 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар "газ митингілері" әу-баста-ақ арандатушылық және мемлекеттік төңкеріс сценарийінің бөлігі болғанын өте жақсы көрсетті. Жанар-жағармай және сұйытылған табиғи газ нарығындағы көлеңкелі схемалармен байланысты астыртын мүдделер жайын да ұмытпаған жөн, өйткені үкімет, осы ықпалда, ең алдымен, бағаны Маңғыстауда тежеп ұстауда. Әр кез сайын жергілікті "наразылықтың" әлеуметтік себептері туралы тезис көз алдымызда сипатын жоюда. Түптеп келгенде, біз қоғамдық пікірдің үнемі манипуляцияға ұшырауының куәсі болудамыз", - дейді ол.

Айта кетсек, Маңғыстау облысының Жетібай ауылында West Oil компаниясының 500-ден астам жұмысшысы бір апта бойына ереуілдеуде. Олар "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына ауысуды, еңбекақы төлеімінің бірыңғай жүйесін енгізуді және ескірген техниканы жаңартуды талап етеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: