Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты заманға сай жаңғырту қажеттігін атап өтті.
"Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн", – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллекттің дамуы әлемдік экономиканы түбегейлі өзгертіп жатыр. Сарапшылар 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 17–26 триллион доллар пайда әкеліп, 78 млн жаңа жұмыс орны құрылуы мүмкін екенін болжайды.
Қазақстан үшін де бұл бағыт ауқымды экономикалық тиімділік бере алады.
"Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа технологиялар ұсынатын мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.