Мемлекет басшысы келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілгенін айтты
"Қазақстан мен Ресейде екі елдің Мәдениет күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықтарымыздың бай рухани мұрасын паш ететін іс-шаралар кеңінен өткізіледі. Екі ел тарихшылары мен саясаттанушыларының пікірталас алаңдарында бас қосуы да игі дәстүрге айналды. Биыл үшінші Қазақстан – Ресей медиафорумы өтеді. Бұл жиын ақпараттық ықпалдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай алаңдар халықтарымыздың арасына сына қағатын жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибе алмасуға қажет. Биыл шілде-тамыз айларында Астанада үшінші "Болашақ ойындарын" табысты өткізуге ден қойып отырмыз. Білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталғым келеді. Қазақстанда "Сириус" таланттары екі рет кездесті. Яғни жаңа буын мамандарын даярлау үшін дарынды жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Биыл қаңтар айында Алматыда "Сириус" орталығы бой көтеретін жерге алғашқы капсуланы салу рәсімі өтті. Жаңа ғана біз Астанада дәл осындай іс-шараға куә болдық. "Сириус" орталығының білім беру жобалары гуманитарлық саладағы мақтан тұтар бастамамызға айналып, екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға зор үлес қосары анық, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді
"Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру. Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін бірге күш жұмылдырып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарымызды нығайтатын жолға батыл қадам басамыз, – деді Қазақстан Президенті.
Ресей Президенті бүгінгі келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты
"Біз саясат, экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықтың негізгі мәселелерін талқыладық. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды қозғадық. Қазақстан-Ресей байланысын нығайтудың басым міндеттері бекітілген бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Энергетика, қаржы секторларынан бастап, денсаулық сақтау және білім беру секілді түрлі саланы қамтитын маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар қабылданды. Келіссөздер барысында экономикалық ықпалдастыққа баса назар аударылды. Былтыр екі елдің тауар айналымы шамамен 29 миллиард долларды құрады. 30 миллиард долларлық межеге батыл қадам басып келеміз. Таяу арада бұл көрсеткішті те еңсеретінімізге еш күмән жоқ. Бүгінгі сапар мен келіссөздер халықтарымыздың игілігі үшін Ресей-Қазақстан сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға серпін береріне сенімдімін, – деді Владимир Путин.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің әлемдік саясат пен экономикадағы рөліне қатысты пікір білдірген болатын.