ЕКПА депутаттары Қазақстандағы саяси реформаларды қолдады

Сурет: gov.kz
Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумнан кейін басталған Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдау үшін декларация қабылдады. Құжатқа Еуропаның түрлі саяси топтары мен өкілдері болып табылатын 22 депутат қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясында (ЕКПА) "Қазақстандағы конституциялық референдум: реформалардың жаңа кезеңі" атты жазбаша декларация қабылданып, онда 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындылары негізінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қолдау білдірілді.

Құжаттың авторы – ЕКПА депутаты Мехмет Акалын (Түркия, "Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы" саяси тобы). Еуропа мемлекеттерінің ұлттық делегациялары мен түрлі саяси топтардың 22 мүшесі қол қойған декларацияда референдум Қазақстанның институционалдық жаңғыруы мен мемлекеттік басқару жүйесін күшейтудің маңызды кезеңі ретінде бағаланады.

ЕКПА депутаттары конституциялық реформалардың мақсаттарын, атап айтқанда, мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді моделіне көшуді, есептілік тетіктерін нығайтуды, конституциялық сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуді және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуді құптайды.

Сондай-ақ декларацияда Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастық тетіктері аясындағы конституциялық даму, заң үстемдігі және адам құқықтарын қорғау салаларындағы тәжірибе алмасуға бағытталған сындарлы диалог атап өтіледі.

Сонымен қатар, парламентарийлер Қазақстанды Еуразия өңіріндегі сенімді серіктес ретінде бағалай отырып, елдің демократиялық басқару мен заң үстемдігін одан әрі нығайтуға бағытталған күш-жігерін қолдауға дайын екендіктерін білдіреді.

Бұған дейін елімізде БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісім ратификацияланған болатын.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үсік жүреді". Еліміз бойынша 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Тоқаев шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстан құрамасын құттықтады

Qazaqstan Media Awards аясында "Тұмар" және "Үркер" ұлттық байқауларына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін