2021/2022 жылдарғы маусым қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік хоккейшісі анықталды

Хоккейдің жаңа маусымына дайындық жүргізіліп жатқанда, мына жақта спорт журналистері өткен маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік хоккейшісін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің үздік хоккейшісін анықтаумен танымал хоккей репортері, "Қазақстан хоккейі" алғашқы мамандандырылған журналының негізін қалаушы Максим Карташов бастаған қазылар алқасы айналысты. Өкінішке қарай, 50 жасқа да жетпестен Максим Леонидович өткен жылдың желтоқсан айында дүниеден озды.

Жылдың үздік хоккейшісін анықтау бойынша үйлестірушінің міндетін ұзақ жылдар бойы "Қазақстан хоккейі" журналын шығаруға көмектесіп келген, Қазақстанның спорттық баспасөз федерациясының басшысы Ілияс Омаров өз мойнына алды.

31-ші рет алынған сауалнамаға 32 отандық журналист қатысты, оның ішінде Zakon.kz сайтының тілшілері - С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Альберт Ахметов пен Қуандық Шынасылов та болды. Сауалнамаға қатысқан спорт журналистерінің әрқайсысына өткен маусымда өздерін айқын танытқан ең мықты ойыншылардың үштігін атау ұсынылды. Жыл хоккейшісі атағына тек қазақстандық спортшылар ғана емес, сонымен қатар отандық клуб қатарында өнер көрсетіп жүрген легионерлер де ұсынылды. Дәстүр бойынша І-орынға үш ұпай, ІІ-орынға екі және ІІІ-орынға бір ұпай берілді.

Сауалнама қорытындысы бойынша, Қазақстанның 2021-2022 жылдарғы маусымындағы ең үздік хоккейшісі Никита Михайлис (62 ұпай) болып анықталды, ал ІІ-орынды Валерий Орехов (32 ұпай), ІІІ-орынды Роман Старченко (19 ұпай) иеленді.

Ұлттық құраманың шабуылшысы және "Барыс" командасының ойыншысы Кирилл Савицкий Старченкодан бір ұпайға ғана қалыс қалды (18 ұпай).

Мәскеулік "Динамоға" ауысып кеткен "Барыстың" бұрынғы шабуылшысы Якоб Лилья жеті ұпай жинады.

Шетелде сәтті өнер көрсетіп, үздік шабуылдаушы ретінде өзін танытқан отандасымыз Батырлан Мұратов алты ұпай иеленді.

Маусымның дәл ортасында ЦСКА-ға ауысуды жөн көріп, жаңа клуб шеңберінде Гагарин кубогын иеленген "Барыстың" бұрынғы капитаны Даррен Диц және "барыстықтардың" тәлімгерлері қайталанбас батыр деп атаған ұлттық құраманың шабуылшысы Әлихан Әсетов бес ұпайдан олжалады.

Қақпашы Андрей Шутов пен "Барыстың" бұрынғы қақпашысы Йонни Ортио төрт ұпайдан еншіледі.

Кертис Волк, Михаил Рахманов, Евгений Рымарев, Эдгар Сиксна үш ұпайдан иеленді.

Бірден бес хоккейші - Саян Данияр, Линден Вей, Артем Микушин, Кирилл Панюков және Эмиль Нұрғалиев екі ұпайдан жинады.

Әділ Бекетаев, Александр Борисевич, Никита Бояркин, Дмитрий Гренц, Самат Данияр, Юрий Сергиенко, Алексей Маклюков және Аркадий Шестаков бір-бір ұпайды қанағат тұтты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: