Ақордаға келген әлемдік жұлдыз кім болды

12 сәуір күні Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі әлеуметтік желі арқылы Ақордаға әлемдік деңгейдегі жұлдыз келе жатқанын хабарлады. Алайда жұлдыздың есімі құпия күйінде қалған еді, деп мәлімдейді Zakon.kz.

Ал бүгін жұмбақ шешілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада әлемнің жетінші, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны қабылдады.

Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен Елена Рыбакинаны құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді, деп жазды Ақорданың ресми сайты.

Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы қазақстандық теннисшілердің жетістігі өскелең ұрпақ арасында осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

"Елена Рыбакина жеңіс тұғырынан көрінген сәттерінде қолдау білдіргені және жүрекжарды құттықтауларын жолдағаны үшін Президентке алғыс айтты. Даңқты теннисші алдағы уақытта да беделді халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді",  – делінген хабарламада.

Сондай-ақ теннисші Преидентке Wimbledon-2022 кітабын сыйға тартты.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданатынына тоқталды. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түріне бұқаралық сипат беру мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, "10 жасқа дейінгі теннис" секілді жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.

14-15 сәуір күндері Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады.

Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған отандық теннисшілерге сәттілік тіледі.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: