Қазақстандағы ең танымал ұлттық 5 спорт түрі

Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі ең танымал әрі жиі болып тұратын ұлттық спорт түрлерін атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

1-орында тоғызқұмалақ
Елімізде ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы - тоғызқұмалақ. Адамның ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәрбиелейтін зияткерлік ойын жас ерекшелігіне қарамастан жалпыға қолжетімді. Қазақстанда 6856 тоғызқұмалақ ойны үйірмесі бар. Оған 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады.
2-орында қазақша күрес 
Халық арасында қашанда спорттың жекпе-жек түрлері өте танымал. Соның ішінде қазақша күрес қатысушылар саны мен жанкүйерлері бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде елімізде 4427 қазақша күрес үйірмесі жұмыс істейді. Онда 159 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады.
3-орында көкпар
Көрермені бойынша да, қатысушылар саны жағынан да көкпар - көш басындағы ұлттық спорт түрінің бірі. Елімізде 78 мыңнан астам адам көкпар спортымен айналысады. Оларды жаттықтырып, шеберліктерін шыңдайтын 916 үйірме бар.
4-орында асық ату
Асық ату - ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны. Ол балаларды ептілікке, жылдамдыққа, мергендікке үйретеді. Қазақстанда 2237 асық ойны үйірмесі бар. Онда 77 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады.
5-орында бәйге
Бәйге - халық арасында ең көп тараған ат спорты. Шабандоздардың ат жарысы қалың көрермені бар, естен кетпес ерекше әсер сыйлайтын ұлттық спорт түріне жатады. Бүгінде елімізде шабандоздарды дайындайтын 753 үйірме жұмыс істейді. Онда 21 мыңға жуық бала ұлттық спорттың қыр-сырын меңгереді.

"2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 580 мыңнан асқан. Ал ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелердің саны 16 555-ке жетті", - делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстан Қызықты
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: