Парижге барып алған Юлия Путинцева Олимпиада ойындарында өнер көрсете алмайтын болды

Юлия Путинцева Париждегі Олимпиада ойындарында өнер көрсете алмайтын болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Путинцева Парижге ұшып барып, Олимпиада ойындары аясындағы додаға белсенді дайындықты бастап кеткен. Бірақ, өкінішке қарай, украиналық Марта Костюкке қарсы алғашқы ойын қарсаңындағы жаттығу кезінде отандық спортшының тізесі қатты ауыра бастаған. Медициналық тексеруден кейін матчтан бас тарту туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Уимблдондағы жарыста әлемнің алғашқы ракеткасы Ига Швентекті жеңген Юлия артынан тізесі ауыратынына шағымданған. Осыған қарамастан, ол Олимпиадаға мақсатты түрде дайындалып, барлық қажетті оңалту шараларынан өтті.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев аталған жағдайға былайша түсініктеме берді:

"Париждегі Олимпиада басы біз үшін нағыз сынақ болды. Кеше Елена Рыбакина ауруына байланысты жарыстан бас тартты, ал бүгін біздің командамыз жарақатына байланысты Юлия Путинцевадан айырылды. Біз екі спортшыға да үлкен үміт артқан едік, әрине өкінішті. Елена да, Юлия да Олимпиадада өнер көрсете алмайтындарына қатты қынжылады. Біз жанкүйерлерге жүгіне отырып, осын-ау қиын-қыстау кезеңде біздің барлық ойыншыға қолдау көрсетулерін сұрағымыз келеді. Қиындықтарға қарамастан, біз алға жылжи береміз әрі еліміздің туын желбіретіп, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз".

Бұған дейін Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтыны белгілі болды. Қазақстан теннис федерациясының ақпараты бойынша, Рыбакина бронхитқа шалдығып, дәрігерлер оған кортқа шықпақ түгілі жарысқа баруға қатаң тыйым салған.

Қазақстан Еуроодақ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: