Медаль бұйырмады: Париж Олимпиадасында топ-10 қатарына енген қазақстандық спортшылар

Кеше, 11 тамыз күні, Париждегі Олимпиада ойындары аяқталады. Қазақстан қоржынында жеті жүлде бар. Бірақ тұғыр биігінде тұрмаса да, Олимпиада жүлдесі үшін барын салған атлеттер де бар. Қазақстандық біршама спортшы жүлдеге қол созым жерден тоқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Дзюдодан әйелдер арасындағы бәсекеде Әбиба Әбужақынованың Олимпиада жүлдесін алатын мүмкіндігі жоғары болды. Алайда қола медаль үшін өткен белдесуде Әбиба швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, жарысты бесінші орынмен аяқтады. 

Сондай-ақ, гимнаст Милад Карими бесінші орын алды. Спортшы еркін жаттығудан Олимпиаданың финалында  өнер көрсеткен болатын. Ақтық сында ол өз жаттығуы  үшін 14.500 ұпай алып, алғашқы бестікке енді. 

Спорттық құзға өрмелеу шебері Әмір Маймұратовтың да көрсеткіші жаман емес. Жылдамдық бойынша сынға түскен ол Олимпиаданың ширек финалына жетіп, жазғы ойындардан бесінші орын алды. 

Нысана көздеу шебері Александра Ле алғашқы ондыққа кірді. Ол пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден финалға шығып, жалпы есепте алтыншы орыннан көрінді. Айта кетелік, Александраның еншісінде аралас командалық сындағы қола медаль бар. 

Олимпиадаға  алғаш рет қатысқан Данил Мұсабаев батуттағы гимнастикадан финалға бір қадам қалғанда тоқтады. Ол бірінші іріктеуден соң 8-орыннан көрінген. Алайда, екінші іріктеуде тоғызыншы орынға түсіп қалды. Финалға алғашқы сегіздік жолдама алды. 

3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Қазақстан намысын Нора Джеруто қорғады. Ол жарыста 9-орын иеленді. Қазақстанға әлем чемпионатының алтынын сыйлаған спортшы жақында ғана декреттік демалыстан оралған. 

Шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Олимпиадада алғашқы алтылыққа енді. Ширек финалда біздің спортшылар Венгрияға жол беріп, кейін Египетті жеңді. Ал бесінші орынға таласта Италия құрамасынан жеңіліп, Париж ойындарын алтыншы  орынмен тәмамдады. Командалық сында Қазақстан намысын Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов пен Вадим Шарлаимов қорғады. Біздің нояндар  алғаш рет командалық сын бойынша Олимпиадаға қатысып отыр. 

Сонымен қатар, шпагамен семсерлесуден жекелей сында қазақстандық Руслан Құрбанов алтыншы  орын алды. Бұл да отандық семсерлесу  тарихындағы үздік нәтиже. Курбанов ширек финалға  дейін жетіп, болашақ Олимпиада чемпионына ғана есе жіберген болатын. 

Олимпиада ойындары садақ ату шеберлері де сынға түсті. Командалық жарыста Ильфат Абдуллин, Александр Еременко және Дәулеткелді Жаңбырбай 1/8 айналымға жетіп, Италиядан бір ұпай айырмасымен жеңілді. Жалпы есепте 9-орынға табан тіреді. 

Брейкингтен Әмір Зәкиров сегізінші орын алды. Ол топтық сындағы екі баттлда жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алған. Алайда, америкалық VICTOR-дан ұтылып, жартылай финалға өте алмады. Айта кетелік, брейкинг Олимпиада бағдарламасына алғаш еніп отыр.

Кирилл Герасименко үстел  теннисінне 1/8 финалға жетті. Үш Олимпиадаға қатысқан спортшымыз бұлжолы  тарихи нәтиже тіркеді. Бұған дейін аталған спорт түріндегі өкілдеріміз алғашқы ондыққа енбеген. 

Сондай-ақ, бокстан Қазақстан командасының мүшелері де алғашқы ондыққа кірді. Нұрбек Оралбай күміс медаль алса, Сәкен Бибосынов (51 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) бесінші  орын иеленді. Махмұд Сабырхан (57 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (92 келі) тоғызыншы орында. 

Грек-рим күресінің шеберлері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) тиісінше жетінші және сегізінші орын алды. Еркін күрес шебері Әлішер Ерғали (97 келі) да жетінші орында. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: