Айта кетейік, ұлттық құраманы қысқа уақыт аралығында қатарынан екі ірі турнир күтіп тұр. Алғашқысы 27 ақпан – 1 наурыз күндері Өзбекстанда өтетін Grand Slam турнирі болса, кейінгісі 6-8 наурыз аралығында Австрияда ұйымдастырылатын Гран-при жарысы. Бұл туралы ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе айтты.
Оның сөзінше, Дайындық жұмыстары ойдағыдай өткен. Балуандардың барлығы сақадай сай.
"Жаттығу үдерісіне айтарлықтай өзгеріс енгізілген жоқ. Тек Әбибаны тұмауратып қалғанына байланысты алып тастадық. Ұлттық құрама сапында түбегейлі өзгерістер жоқ. Дегенмен бірқатар жас спортшы негізгі құрамға қосылды. Бұл, әрине, бізді қуантады. Бәрі де болашағынан үміт күттіреді. Жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Көп ұзамай олар да нәтиже көрсетеді деп ойлаймын", – деді ол.
Роберт Мшвидобадзенің айтуына қарағанда, қазір көптеген балуан өз бабына еніп келеді. Бұған – Париждегі турнирдің нәтижесі дәлел.
"Осы маусымда бірқатар жарысқа қатысуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы спортшыларымыз негізінен әлем және Азия чемпионатына, сондай-ақ, төрт халықаралық турнирге қатысқан еді. Себебі негізгі назар физикалық дайындыққа аударылды. Қазір барлығы жақсы. Биыл бірнеше жарыста бақ сынап, жүлделі орындарға ие боламыз деп ойлаймын".Роберт Мшвидобадзе
Ол алдағы кезеңде басты назар Әлем чемпионаты мен Азия ойындарына аударылатынын атап өтті. Оған дейін Азия чемпионаты да күтіп тұр.