Қазақстан құрамасы да бұл жарыстан шет қалмай, бірнеше салмақта жүлдеге таласады. Алайда биылғы турнирдің ерекшелігі – ұлттық құраманың бірқатар негізгі көшбасшылары жарысқа қатыспайды.
Азия чемпионаты араға екі жыл салып қайтадан Бішкекте өтпек. Бұған дейін Қырғызстан астанасы 2018 және 2024 жылдары да құрлық біріншілігін қабылдаған болатын. Биыл өтетін додаға шамамен 350-ге жуық балуан жиналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жарыстың деңгейі өте жоғары болатынын аңғартады.
Еркін күреске тоқталсақ, ұлттық құраманың бірнеше көшбасшысы жарысты өткізіп алады. Нақтырақ айтқанда, Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов, Асылжан Есенгелді сынды тәжірибелі балуандар тізімге енбеген. Нақты спортшылардың тізімі төменде көрсетілген.
57 келіге дейін: Мерей Базарбаев
61 келіге дейін: Асыл Айтақын
65 келіге дейін: Ади Серікұлы
70 келіге дейін: Санжар Досжанов
74 келіге дейін: Ернұр Нұрғазы
79 келіге дейін: Дәулет Ергеш
86 келіге дейін: Болат Сақаев
92 келіге дейін: Азамат Дәулетбеков
97 келіге дейін: Бекзат Үркімбай
125 келіге дейін: Едіге Қасымбек
Дегенмен құрама сапында медальға қол жеткізе алатын балуандар аз емес. Мәселен, Асыл Айтақын бұған дейін дәл осы Бішкекте өткен 2024 жылғы Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алған болатын. Санжар Досжанов 2023 жылы Азия чемпионы атанса, Болат Сақаев та сол жылы алтын медаль иеленіп, 2025 жылы күміске қол жеткізді. Ал Азамат Дәулетбеков – құрлықтық додада тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі балуан. Ол алты Азия біріншілігіне қатысып, үшеуінде жеңімпаз атанып, сондай-ақ, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Жас болса да әлеуеті зор Едіге Қасымбек те бұл жарыста өз мүмкіндігін толық көрсете алады.
Жалпы еркін күрес бәсекелерінің деңгейі әлем чемпионатымен пара-пар. Жарыс тізіміне бірнеше Олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері енген. Ахмед Тажудинов (Бахрейн), Амир Али Азарпира (Иран), Цао Лиго (Қытай), Гуломжон Абдуллаев (Өзбекстан), Аман Сехрават (Үндістан) жарыс фавориттері саналады. Сондай-ақ Амир Мохаммед Яздани (Иран), Есиносукэ Аояги (Жапония), Абдулмажид Кудиев (Тәжікстан), Тосихиро Хасегава (Жапония), Орозобек Токтомамбетов (Қырғызстан), Араш Йошида (Жапония), Шерзод Поёнов (Өзбекстан), Суджит Калкал (Үндістан) медаль үшін күресе алады.
Грек-рим күресінде де жағдай осындай. Демеу Жадраев, Айдос Сұлтанғали, Мерей Мәулетқанов, Ержет Жарылқасын сынды ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары жарыс тізіміне енбеген.
55 келіге дейін: Нұрзат Қабдырахимов
60 келіге дейін: Ербол Камалиев
63 келіге дейін: Сайфулла Құрман
67 келіге дейін: Бағдат Сабаз
72 келіге дейін: Алматбек Аманбек
77 келіге дейін: Қаһарман Қисыметов
82 келіге дейін: Ибрагим Магомадов
87 келіге дейін: Нұрсұлтан Тұрсынов
97 келіге дейін: Ислам Евлоев
130 келіге дейін: Джохар Узаров
Дей тұрғанмен, тізімде Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерлері бар. Нақтырақ айтқанда, Ибрагим Магомадов 2023 жылы алтын алса, 2024 жылы Бішкекте қола медальға қол жеткізген. Нұрсұлтан Тұрсынов 2024 жылғы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Джохар Узаров та жүлдеге таласа алатын спортшылардың бірі саналады.
Медальға үміткерлер қатарында Олимпиада чемпионы Хади Сарави (Иран), Олимпиаданың күміс жүлдегері Акжол Махмудов (Қырғызстан), Олимпиаданың қола жүлдегері Амин Мирзазаде (Иран) басты фаворит саналса, Чун Хан Дже (Оңстүстік Корея), Ши Хуоин (Қытай), Алишер Ганиев (Өзбекстан), Амантур Исмаилов (Қырғызстан) жүлдеге таласып көрмек.
Әйелдер арасындағы бәсеке де тартысқа толы болмақ. Бұл жолы Эльмира Сыздықова Азия чемпионатын өткізіп алады. Дегенмен құрама сапы мықты спортшылармен толықтырылған.
50 келіге дейін: Марал Тәңірбергенова
53 келіге дейін: Зейнеп Баянова
55 келіге дейін: Шұғыла Өмірбек
57 келіге дейін: Нилуфар Раимова
59 келіге дейін: Виктория Хусаинова
62 келіге дейін: Тыныс Дүбек
65 келіге дейін: Айжан Суйдуова
68 келіге дейін: Елена Шалыгина
72 келіге дейін: Жәмилә Бақбергенова
76 келіге дейін: Гүлмарал Еркебаева
Бұған дейін ұлттық құраманың бас бапкері Нұрсұлтан Теміров бірнеше жас балуанды ерекше атап өткен болатын. Мәселен, Зейнеп Баянованы 2025 жылғы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған еді. Биыл өз нәтижесін жақсартуға ниетті. Сонымен қатар жастар арасында әлем чемпионатында жеңіске жеткен Шұғыла Өмірбек те құрлықтық бәсекеде алтын алуды көздейді. Одан бөлек құрама сапында Олимпиаданың қола жүлдегері Елена Шалыгина және төрт дүркін Азия чемпионы Жәмилә Бақбергенова бар.
Ал жарысқа қатысушылардың арасында Олимпиада чемпионы жапониялық Юи Сусаки, Олимпиаданың күміс жүлдегері қырғызстандық Мээрим Жуманазарова, Олимпиаданың қола жүлдегері жапониялық Нонока Одзаки, әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері қырғызстандық Айпери Медеткызы, әлем чемпионатының қола жүлдегері жапониялық Совака Утида, әлем чемпионатының қола жүлдегері қырғызстандық Нурзат Нуртаева, әлем чемпионатының қола жүлдегері солтүстіккореялық Ким Сонхян жүлдеге таласады.