Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Елена Рыбакинаның видеосы жарияланды.
"Баршаңызға сәлем! Жыл бойы көрсеткен қолдауларыңыз үшін баршаңызға көп рақмет айтқым келеді. Биыл керемет жыл болды және оның соңы да сәтті аяқталып жатыр. Бұл тек бастамасы деп үміттенемін. Баршаңызға рақмет, келесі жылы кездескенше!" – деді әлемнің бірінші ракеткасы.
Жарияланым бір тәуліктің ішінде 20 мыңнан астам лайк жинап, мыңдаған пікір қалдырылды.
Желі қолданушылары теннисшінің жетістіктерін жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдірген:
- "Қандай керемет нәтиже! Сіз бар күшіңізді салдыңыз және әлемнің бірінші ракеткасы атануға әбден лайықсыз".
- "Тамаша маусым өткізген чемпионды құттықтаймыз! Әйелдер теннисіндегі нағыз үздік ойыншы!"
- "2026 жылғы керемет жетістіктеріңіз – тек бастамасы. Алға, Лена!"
- "2027 жылы да осы қарқыннан таймаңыз!"
- "Керемет жетістіктерге толы 2026 жылғы маусыммен құттықтаймыз, Лена!"
- "Біздің ең сұлу әрі үздік Еленамыз!"
2026 жылғы маусым 27 жастағы Рыбакинаның мансабындағы ең табысты кезеңдердің бірі болды. Қазақстандық теннисші "Үлкен дулыға" санатындағы екі турнирде – Australian Open және US Open жарыстарында жеңіске жетті. Сондай-ақ Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет жылды әлемдік рейтингтің бірінші сатысында аяқтады.
Бұған дейін WTA Елена Рыбакинаны жылдың үздік теннисшісі атағына үміткерлер қатарына қосқаны белгілі болды. Сонымен қатар спортшы The Topspin Academy шетелдік теннис сарапшыларының ең сұлу теннисшілер туралы топтамасына енді.