GoViral-2019 фестивалінде ең танымал осы бір сервис туралы көп әңгіме айтылды. Zakon.kz тілшісі біздің неге қит етсе YouTube-ті ашып, видео көруге құмар екенімізді, видеоблогерлердің қанша ақша тауып жүргенінің шет жағасын біліп қайтты.
Қазақстандық интернет қолданушыларының 85% айына кемінде бір рет YouTube-ті ашады екен. Біз тәулігіне кемінде 50 минут YouTube-тен видео қараймыз, бұл әлем бойынша үшінші көрсеткіш! YouTube-тің қазақстандық сегментінде айына 550 млн қаралым тіркелуде, оның 50 млн-ны қазақ тіліндегі видеолар.
Әрине, мұндай жерде ақша қалай жүрмейді, жарнама нарығы қызып-ақ тұр. YouTube-те кез-келген адам видеоблогер атанып, ақша таба алады, ол үшін сіздің каналыңызға 1,5 мың адам жазылып, 5 мың сағаттық қаралым болуы керек. Сонда монетизация функциясы ашылып, жарнама арқылы ақша таба бересіз.
Егер блогердің каналында біреудің жарнамасы жүрсе, табыс YouTube пен блогер арасында тепе-тең бөлінеді. Ақшаны 100$ жеткеннен кейін шығарып алып, пайдалануыңызға болады.
Жарнама берушілердің назарына ілігу үшін трендке түсу керек.
- YouTube әу баста кімнің қандай видео, қай тілде, не туралы видео жүктеп жатқанын білмейді. Ол роликтің не туралы екенін түсінбейтін машина, бірақ роликтің бар екенін біледі. Ал қай роликті жұртқа жиірек көрсетіп, қайсысын азырақ көрсетуді ол негізгі метрика арқылы – аудиторияны ұстап тұру уақытымен анықтайды. Қолданушының сіздің видеоңызды қай жеріне дейін көргені есепке алынады, - дейді YouTube-тің Қазақстандағы ресми серіктес компаниясының өкілі Сұңғат Өтеболатов.
Шартты түрде клип 3,5 минуттық, ал қолданушылар көбіне оны аяғына дейін көрмей, ауысып кетеді. Мысалы – музыка, адамға оны тыңдаған ұнайды, екіншіден, 3,5 минут соншалықты көп уақыт емес, адамдар ол уақытын жақсы клип көруге жұмсауға дайын. Сол себепті, егер сіздің видеоңызды жұрт соңына дейін көрсе, YouTube сіздің клипіңіздің жақсы екенін түсініп, оны алға сүйрейді.
- Ең маңызды метрика – аудиторияны ұстап тұру. Егер ролик 4К форматында, ол ұзақ, бірақ оның қаралымы жақсы болса – YouTube оны өрге сүйрей бастайды. Себебі қарапайым: қолданушы YouTube-те неғұрлым ұзағырақ отырса, оған соғұрлым көбірек жарнама көрсетіледі, YouTube пен видео авторының табысы көбірек болады. Бірақ кейде видео сапасы там нашар болғанымен жұрт оны аяғына дейін қарайтын болса, ол да трендке түсе алады, – деп атап өтті Өтеболатов.
YouTube-те жарнама беру әдістері
Нативтік – YouTube-те видео басталмай тұрып шығып кететін, 5 секундтан кейін "пропустить" етуге болатын жарнама. Тапсырыс беруші өзінің мақсатты аудиториясын таңдайды, YouTube сосын "керек адамдарға" көрсетеді.
Видеоны екіге бөлу – блогерлердің әдісі. Бірлескен видеоның бір жартысы бір блогердің каналында, екінші жартысы екінші блогердің каналында. Осылайша олар аудитория алмасып, жазылушылар санын арттырады.
Видео соңындағы заставка – видео біткен кезде пайда болатын жарнама, оны басқан адам келесі видеоға ауысады.
Видеоға өзара лайктар басу – танымал блогер біреуге лайк басады. Оны кейде тегін баспайтыны бар.
Хайп – дау-дамай, скандалдар. Екі даукес адамды бір-бірімен қырылыстырып қою арқылы аудитория тарту. Бірақ бұл болашақта каналдың абыройына зиянын тигізуі мүмкін.
Плейлистке қосу – танымал адамдар арнайы плейлист жинайды. Оның ішінде өзіне шын ұнайтын видеоны да, ақша үшін біреудің видеосын да қосып қояды.
Описаниеге сілтеме салу - блогер өз видеосының астына сілтеме қалдырады.