Интернетте тараған түрлі зиянды ақпарат пен қанжоса кадрларға толы видеолардан да қауіпті әлеуметтік желі шықты. "Тик-ток" деп аталады. Атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі дүниені көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз. Онда жартылай жалаңаш қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығарады. Бірақ ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншек, не жасөспірімдер олардың әрекетін қайталап, педофилдердің құрығына түсіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Тик-ток. Шыққаны кеше ғана, бірақ бүгінде бұл қосымша бүкіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Қысқасы қазіргінің тренді осы. Ал тренд дегеннен біздің жастар шет қалсын ба?
Нұрдәулет Есболған, вайнер:
"Мен былайша айтқанда өзім тик-токты түсірем, негізі тик-иток деген адамға билеуді үйретеді. Актерствоға қызығатын жастар болады. Өзінің хобби ретінде алып жүргісі келетін жастар болады. Өзін халыққа танытудың бірден-бір жолы осы тик-ток. Оның жаман жағы жоқ. Жақсы жағы көп".
Тик-токтың трендке айналып, жастардың бәрі соған өтіп кеткені сонша, министрліктегілер де бұл жаңашылдықтан қалыспады. Бірақ, олар көпшілікті пайдалы контентімен тәнті етті. Алайда, таяқтың екі ұшы бар. Сол сияқты мына жаңа қосымшаның да, пайдасымен қатар, зияны да жетерлік.
Ержан Мырзабаев, психолог:
"Жастар психикасы толық дамымағандықтан кейбір кезде жақсы мен жаманды ажырата алмайды. Дұрыс пен қатені ажырата алмайды. Лайк қойып жатыр, комментарий жазып жатыр, менен соны талап етіп жатыр деп кейбір кезде тым ашық-шашық контент қалыптастырады. А мен мини юбкамен түссем көп контент жинайды екем, мини юбкамен түсе берейін деп".
Міне, ашық-шашық контент дегеннен шығады. Дүниежүзі мамандары дабыл қағып отыр. Тик-ток қосымшасы видеоларын сүзгіден өткізбейді, теріс комментарий жазатындардың аккауынтын да өшірмейді. Әркім өзі қожа, өзі би мұнда. Салдарынан бұл бағдарлама арқылы теріс пиғылды қаскөйлер өз дегенін істеп жүр. Тым ашық киініп, камера алдында майысып билеген қыздар педофилдердің құрығына түсіп қалуда екен. Шетелде мұндай оқиғалар жиілеп кетіпті. Абырой болғанда, бізге әлі жетпеді. Десе де, мамандар жастар қайда болса, арам пиғылды адамдардың сонда болуы заңды құбылыс дейді.
Ержан Мырзабаев, психолог:
"Инстаграм кезінде де, фейсбук кезінде де бұл бар еді. Жастар алғаш қай жерге барса, мұндай жаман пиғылды адамдар сонда. Сондықтан оның алдын-алу үшін, ата-ана баласының контентін қадағалау керек. А видеоға түскін келе ме? Кел мен түсірейін, деп керісінше көмектесіңіз, сонда балаңыздың қандай контен шығаратынын біліп, өзіңіздің көзқарасыңызбен жаман пиғылды адамдарға ұрынбауын қадағалап отырасыз".
Осылайша, қазір тренд болып жүрген тик-токтың да буы басылады бір күні. Алайда, белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана. Ал қазір оған көніп, балаңыздың не түсіргенін тексеріп жүруден басқа амал жоқ. Мәселен дәл қазір балаңыз не істеп жатыр?