Болашақ та келіп жетті. 5G туралы білуіңіз керек барлық нәрселер

Фото: Pxhere
Дүние жүзі бойынша 5 миллиардтан астам мобильді пайдаланушысы бар біздің әлемнің бір-бірімен байланысы бұрынғыдан да тығыз бола түсуде. Мұның бәрі ғасыр басынан бері дамып келе жатқан сымсыз технологиялардың арқасы, деп хабарлайды Zakon.kz

5G дегеніміз не

5G – бесінші буын ұялы байланыс стандартының аббревиатурасы. Ұялы желінің өзі өткен ғасырдың 50 жылдарында, алғашқы екі жақты радиобайланыс құрылғылары сынақтан өткен кезде түбегейлі дамыды. Желінің әрбір келесі буыны, соның ішінде 5G, байланыс және деректерді беру үшін радиотолқындарды пайдалануды жалғастырады.

5G желісінің артықшылықтары

Фото: visualcapitalist.com

5G – қазіргі 4G стандартының ізін жалғастырушы. Жаңа стандарт аудан бірлігіне шаққанда көбірек клиенттік құрылғыларды қолдауға бағытталған. Тіпті ең жылдам 4G желісі 5G сияқты көптеген құрылғыларды басқара алмайды. Мәселе бір шаршы шақырымға миллион қабылдағыш төңірегінде болып отыр. Бұл стадиондарда интернетті оңай қолдануға, жаңа жыл қарсаңында адамдар көп жиналатын алаңнан алыстағы туыстарға қоңырау шалуға немесе әр қадам сайын сымсыз қабылдағыштар қойылған роботталған фабриканы басқаруға болатынын білдіреді.

5G желілері өмірімізді ыңғайлы ету үшін Заттар интернеті (IoT) құрылғылары арасындағы байланысты айтарлықтай тиімді етуде. IoT-ке қосылуға болатын құрылғылардың саны үздіксіз өсіп келеді: бұл «ақылды» шамдар, розеткалар, колонкалар, камералар, құлыптар және т.б. Көптеген заттардың бір-бірімен жылдам және үзіліссіз «байланысуы» үшін деректерді берудің жоғары жылдамдығын қамтамасыз ететін байланыс қажет. 5G технологиясы үй қауіпсіздігін және энергияны үнемдеуді жақсарта отырып, байланыс жылдамдығы мәселесін де шеше алады.

Кідіріс – деректерді желі арқылы тасымалдауға кететін уақыт, 5G арқылы бұл уақыт бір миллисекундтан әрі аспайды. Шынайы уақыттағы ағындық жіберу жақын арада 5G желілері арқылы шындыққа айналуы мүмкін. 3G желісінде екі сағаттық фильмді жүктеп алу үшін 26 сағат кетеді, 4G желісінде бұл шамамен алты минут уақытты алады, ал 5G желісінде небәрі 3,6 секундты қажет етеді.

Жалпы, 5G мүмкіндіктерінің ауқымы әлдеқайда кең. Ол телемедицинада үлкен рөл атқарады. 5G желісінің арқасында шұғыл көмекке мұқтаж науқасқа енді емханаға немесе ауруханаға барудың қажеті жоқ. Егер науқасты басқа емханаға ауыстыру мүмкін болмаса, білікті маманға шұғыл бейне қоңырау шалу өмірді сақтап қалуы мүмкін. Жоғары білікті хирург 5G бейнесеансы арқылы операция кезінде не болып жатқанын қашықтан бақылап, әріптестерінің әрекетін түзете алады немесе қосалқы құрылғылармен басқара алады.

Сонымен қатар, жаңа буын сымсыз желісі деректерді беру жылдамдығының жоғары болуына байланысты ұшқышсыз көліктерді дамытуға көмектеседі. PwC болжамы бойынша, 2040 жылға қарай толық автономды көліктер планетаның ірі қалаларында пайда болады.

5G желісі әлемнің қай жерлерінде қолданылады

Қытайда орналасқан 5G станциялары. Фото: gizchina.com

5G кеңінен таралғанға дейін әлі көп жұмысты талап етеді. Дегенмен көптеген елдер мен қалалар инновацияның келесі толқыны үшін қажетті инфрақұрылымды құруға ұмтылуда.

2018 жылдың соңынан бастап 25-тен астам ел 5G сымсыз желілерін қолданысқа енгізді. Айқын жетістіктердің қатарына 2019 жылдың сәуір айында әлемде ең бірінші болып 5G сымсыз технологиясын іске қосқан Оңтүстік Кореяны жатқызуға болады. Швейцария 5G желісін орналастырудың ең көп санына ие, қазіргі уақытта оның саны 225-ке жетіп, өсуін жалғастыруда.

Бүгінге дейін Қытай 350 000-ға жуық 5G сайтын орнатты – бұл АҚШ-тағы 20 000-дық көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда көп – және 2023 жылға қарай аспан асты елі инфрақұрылымға қосымша 400 миллиард доллар инвестициялауды көздеп отыр. Қытайлық ұялы байланыс операторлары 2020 жылдан бастап 5G қызметтерін енгізуді жоспарлауда.

Келесі жылы америкалық операторлар 5G-ге жол ашу үшін үшінші буынның бұрынғы ұялы байланыс желілерінен бас тартады. Осылайша, T-Mobile жыл соңына дейін 5G 50 миллион америкалықты қамтиын болады деп мәлімдеді. 5G тек телефондар үшін ғана арналмаған, операторлар желіні дәстүрлі стационарлық провайдерлердің күші жетпеген үйдегі интернет қызметтерін қамтамасыз ету үшін пайдаланады.

2024 жылға қарай қазіргі жаһандық белсенділіктің 40%-ын құрайтын шамамен 1,5 миллиард мобильді қолданушы 5G сымсыз желілерін пайдаланатын болады.

5G желісі Қазақстанда

2021 жылдың желтоқсан айында түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда Қазақстандағы алғашқы 5G қаласы ресми іске қосылды. Серіктестік аясындағы ауқымды жобаны цифрлық оператор Kcell мен телекоммуникациялық жабдықтар саласындағы әлемдік көшбасшы Ericsson жүзеге асырды.

Қазақстанда тұтас 5G қаласының іске қосылуы цифрлық экономиканың өсуіне қозғаушы күш болады. Бүгінде Түркістан қаласының бүкіл тарихи орталығын қамтитын 8 сыртқы станция дайындалып, толық іске қосылды. Бұл дегеніміз, қаланың стратегиялық маңызды және туристік нысандары: қала әкімдігі, Конгресс-холл, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, Фараб орталық кітапханасы, Батыр жастар сарайы және т.б. 5G желісіне қол жеткізді.

Қалада оutdoor сайттарынан басқа, әуежай, Kcell абоненттік бөлімі, Rixos қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарда indoor сайттарын орнату жоспарлануда. Қазірдің өзінде Kcell және activ абоненттері жаңа буын желісінде деректерді беруді қолдайтын смартфондардың көптеген үлгілерінен 5G желісіне қосыла алады.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қытайда пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді

Жұмыстан босатылған қазақстандықтарға төленетін әлеуметтік төлемдер: мемлекеттен қалай көмек алуға болады

2025 жылға арналған әкімдіктердің қарыз лимиті бекітілді

Қазақстанның 25 көрікті жерінің үздік топтамасы

БҚО-да полицейлер із-түссіз жоғалған қызды аман-есен тапты