Naked Science басылымының жазуынша, электр станциясы Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясының Голмуд қаласында, теңіз деңгейінен шамамен 2850 метр биіктікте орналасқан.
Станция әрқайсысының қуаты 660 мегаватт болатын екі энергоблоктан тұрады. Оның негізгі міндеті – электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету және жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуатының ауытқуын теңестіру.
Екі энергоблок та толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін станция жылына 6 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл көлем шамамен 6,6 миллион адамның жылдық электр энергиясына қажеттілігін өтеуге жеткілікті.
Мұндай биіктікте көмір электр станциясын салу бірқатар күрделі техникалық қиындықтармен байланысты. Ауаның сиректігі, оттегінің аздығы және атмосфералық қысымның төмендігі көмірдің тиімді жануына кедергі келтіреді. Сонымен қатар отын құрамындағы сілтілі компоненттердің жоғары болуы қазандықтарда қождың түзілуіне және күлдің жиналуына әкелуі мүмкін.
Бұл мәселелерді шешу үшін станцияда іске қосу және жану процесін тұрақтандыру кезінде оттегімен қамтамасыз ету технологиялары енгізілген. Олар станцияның өте төмен жүктеме кезінде де жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Арнайы әзірленген қазандық жүйесі құрамында сілтілі компоненттері көп көмірді жағуға және электр энергиясына сұраныстың өзгеруіне қарай қуатты икемді реттеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, биік таулы аймақтардағы көмір энергетикасына тән бірқатар негізгі техникалық кедергілер еңсеріліп, саладағы технологиялық олқылықтың орны толтырылды.
Бұл технология көмір электр станцияларына температурасы 580 градустан, ал қысымы 24 мегапаскальдан асатын бу арқылы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Соның нәтижесінде көмірдің бірдей мөлшерінен энергияны көбірек алуға болады. Бұл станцияның пайдалы әсер коэффициентін арттырып, отын шығынын азайтады және зиянды заттардың шығарындыларын төмендетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайда елдегі және Азиядағы ең ұзын айналма метро желісі ашылған болатын.