Өткен жылы алты мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты – Еңбекмин

2021 жылы 27 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді, деп хабарлайды Zakon.kz

 

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 696,8 мың мүгедектігі бар адам немесе халықтың жалпы санының 7,5%-ы тұрады, олардың 419 мыңы – еңбекке қабілетті жаста.

«Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс істейтіндердің жалпы санының (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болғанда) 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілейді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша квота шеңберінде барлығы 5,8 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылған. Бұдан басқа, өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 21,1 мың мүгедектігі бар адам қатысты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 9,3 мың адам және уақытша жұмысқа 8,6 мың адам орналастырылды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен – 563 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен – 1,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 325-і бизнес жобаларын қорғап, гранттар, 46-сы микрокредиттер алды. Сонымен қатар, 460 адам микрокредит, 1,1 мың адам грант алды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың басқа да осал топтарымен қатар мүгедектігі бар адамдардың басым тәртіппен көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы болды.

2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталды, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалғастырылатын болады.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2021 жылы жалпы сомасы 122 млн теңгеге 90 арнайы жұмыс орны ашылды.  

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: