Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі биыл біздің ел – «ИННОПРОМ» көрмесінің серіктесі, осыған байланысты қазақстандық тараптан мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінен құралған ресми делегация келіп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Сурет: primeminister.kz
«Біздің компаниялар өздерінің әзірлемелерін көрсету, тиімді және перспективалы іскерлік байланыстар орнату үшін берілген мүмкіндікті толық көлемде пайдаланады деп санаймын», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мемлекетаралық байланыстар жоғары деңгейде екенін атап өтті. Екіжақты қарым-қатынастың ерекше сипаты мемлекеттер басшылары кездесулерінің жоғары қарқынымен де расталып отыр. «Қазақстан Үкіметі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сурет: primeminister.kz
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы үштен бірге өсіп, $24,2 млрд-қа жетті. Бұл – Қазақстан-Ресей саудасы үшін рекордтық көрсеткіш.
Осы жылы оң динамика сақталуда – қаңтар-мамыр айларында өзара сауда 5%-ға өсіп, $9,2 млрд-ты құрады.
«Елдеріміз арасындағы көпжоспарлы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Екіжақты өзара іс-қимылдың және сауда айналымын ұлғайтудың кең ауқымды мәселелерін шешуде Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясы ерекше рөл атқарады. Бұл тұрғыда экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын уақтылы іске асыру маңызды», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.
Сурет: primeminister.kz
Әлихан Смайылов өнеркәсіптік кооперация Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі екенін айтты.
Осылайша, өнеркәсіп саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде $437,8 млн-ға 13 ірі кооперациялық жоба және $3 млрд-қа 9 жаңа жоба іске асырылды.
«Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетпеу маңызды. Қазақстан үкіметі барлық бағыттар бойынша Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті», — деп сөзін түйіндеді ҚР Премьер-министрі.
Өз сөзінде Михаил Мишустин Ресей Үкіметінің Қазақстанмен достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуды сөзсіз басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.«Біздің ынтымақтастық уақытпен тексерілген және сыртқы сынақтарға төзімділігін бірнеше рет дәлелдеген», — деді Мишустин.
Сурет: primeminister.kz
Кездесу барысында Үкімет басшылары кең ауқымды мәселелерді, оның ішінде сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.