Ведомство басшысы Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, қаңтар-қараша айларында экономика өсімі 2,7% болған. Сыртқы сауда айналымы 34% өсіп, $111 млрд-қа жетті. Биыл жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға, сонымен бірге жаңа трендтерді, оның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестицияларды тарту саясатын қайта қарауға бағытталған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды.
Министрдің айтуынша, өңірлерді дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, елдің 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілді.
Тарифтік саясатты реформалау үшін "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тұжырымдамасы ұсынылып отыр. 2029 жылға қарай республикада инженерлік желілердің тозуын 20%-дық пунктке дейін төмендету көрсеткішіне қол жеткізу көзделген. Ол үшін шамамен 3,8 трлн теңге инвестиция тарта отырып, 134 мың шақырымнан астам желіге жөндеу жүргізу қажет болады. Мәселен, келесі жылы 13,2 мың шақырым жылу және электрмен жабдықтау желілерін жөндеу үшін шамамен 300 млрд теңге тарту және табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын 50%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар алқа мәжілісінде кәсіпкерлікті, қаржы секторын, өңірлерді, мемлекеттік басқаруды және тағы басқа одан әрі дамыту бойынша жоспарланған шаралар қаралды.
Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігінің негізгі мақсаты – халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатының артуын нақты қамтамасыз ететін біртұтас және тиімді экономикалық саясат қалыптастыру екенін айтты.
Оның айтуынша, ағымдағы сыртқы экономикалық конъюнктура белгісіздіктің жоғары деңгейімен сипатталады. Әлемдік экономикада энергия ресурстары мен азық-түлік тауарлары бағаларының өсуі барлық жерде байқалып отыр.
"Үкімет туындап жатқан тәуекелдерді жою үшін бар күшін салады. Бірақ, өкінішке қарай, әлемдік экономикадағы жағдай әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр. Сыртқы факторлар Қазақстан экономикасының өсу қарқынына және тиісінше экономикалық белсенділікке өз әсерін тигізіп жатыр. Осыған байланысты 2023 жылы Ұлттық экономика министрлігінің алдында бірқатар маңызды міндет тұр". Әлихан Смайылов