Мәдениет министрлігі алаяқтардың құрбаны болғандардың жағдайына түсініктеме берді

Мәдениет және спорт министрлігі қажылыққа барушыларға ресми туроператорлардың қызметін пайдалануға кеңес берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрлік қызметі ресми тіркелмеген туркомпанияларға қатысты өз міндеттемелерін орындамауы туралы туристерден шағымдар көптеп түскенін мәлімдеді. Кейбір туристер Мекке мен Медина қалаларында қиын жағдайға тап болды.

"Мысалы, туризм индустриясы комитетіне «Kausar travel» туристік компаниясына қатысты шағымдар түсті. Бұл ретте компанияның туроператорлық қызметіне лицензиясы жоқ. Компания туристік агенттік ретінде тіркелген, сәйкесінше туроператорлық қызметпен айналысуға құқығы жоқ. Сондықтан біз туристердің мүдделерін қорғау және қажетті шараларды қабылдау үшін Ішкі істер министрлігіне және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне хат жібердік. Сондай-ақ, біз туристерді туроператорлардан лицензияның бар екендігін растайтын құжаттарды сұрауға шақырамыз".Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков

Бекітілген ереже бойынша, жыл сайын діни бірлестік пен қабылдаушы ел арасында туроператорлық қызметті жүзеге асыру үшін келісім жасалады. Сондай-ақ, діни туризм саласындағы туроператорлардың екінші деңгейлі банкпен ҚР азаматтарының құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің пайдасына жасалған шарты болуы қажет.

Министрлік өкілдері "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы" бірлестігінде қажылыққа қатысты сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беретін Call-орталық жұмыс істейтінін ескертті: +7 7172 33-30-30.

Мекке мен Медина қаласына жолдама алған 50-ге жуық азамат алаяқтарға алданды.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: