Маман сүт өнімдерін дұрыс таңбалаудың маңыздылығын түсіндірді
"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("MOТҚҚҚ" ҚБ) қазақстандық нарықтағы сүт өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне, тұтынушылардың хабардарлығын арттыруға баса назар аудара отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты жұмыстарын жалғастыруда.
2024 жылдың шілде айының басында Шығыс Қазақстан облысындағы дүкендердің бірінен "құпия сатып алушы" әдісімен сүт өнімдерінің бірнеше сынамасы тексерілді.
Тексеру барысында:
- Сүт майын алмастыратын сүт негізіндегі сусын, асептикалық құймалы ультрапастерленген "МОЛОЧНЫЙ ЛУГ", майдың массалық үлесі 3,2%, көлемі 1 л.
- Салмағы 900+/-50 г "Крестьянское" өсімдік-кілегейлі спреді. (Ескерту: спред – өсімдік және сүт майларының қоспасынан тұратын, оның қасиеттері сары майды еске түсіретін, бірақ, сүт майының мөлшері төмендетілген өнім)
- Салмағы 400 г. "Карат" ерітілген кілегейлі ірімшігі сатылып алынды.
Сурет: Жанна Биятан
Осыған дейін жасалған ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, тауарлар ҚР Денсаулық сақтау министрі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына кешенді сараптамаға жіберілді.
Сараптама Кеден одағының "Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы", "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы", "Тағам өнімдерінің таңбаламасына қатысты" және "Қаптаманың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізілді.
Сынақ нәтижелері үш өнім үлгісінің де қауіпсіздік сынағынан өткенін көрсетті: олардан зиянды компоненттер табылмады.
Сурет: Жанна Биятан
Дегенмен, таңбаламаны талдау кезінде кейбір сәйкессіздіктер анықталды. Мысалы, "МОЛОЧНЫЙ ЛУГ" сусынында қазақ тілінде ақпараттар берілмеген. ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 25-бабы 7-тармағына сәйкес, тек бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – ақпарат берілмеген деп есептеледі. Бұл тұтынушыларды, әсіресе, орыс тілін жетік білмейтіндерді шатастыруы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, үш өнім үлгісінде де Кеден одағы аумағында тұтынушылардың шағымдарын қабылдауға жауапты уәкілетті ұйымдардың атауы мен орналасқан жеріне қатысты ақпараттар көрсетілмеген. Бұл маңызды ақпарат саналады, себебі, өнімге қатысты қандай да бір сұрақтар немесе мәселелер туындаған жағдайда тұтынушылар көмек сұрай алуы қажет.
Сүт өнімдерінің таңбаламасы міндетті мәтін ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін де маңызды екенін түсінген дұрыс. Онда өнім, оның құрамы, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары туралы толық және сенімді ақпарат болуы керек. Қате немесе толық емес ақпарат, әсіресе, аллергиясы немесе ерекше диеталық қажеттіліктері бар адамдар үшін ауыр зардаптарға соқтыратыны анық.
Сурет: Жанна Биятан
Құқыққорғаушы-сарапшы Алия Алибекова "таңбаламаның дұрыс болуы – тек заңға бағыну ғана емес, тұтынушылардың денсаулығын ойлау да. Бұл адамдарға саналы таңдау жасауға және өз денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді" дейді. Оның айтуынша, өндіруші/импорттаушы өз тауарының сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті түсінуі маңызды.
Осылайша, "МОТҚҚҚ" ҚБ жұмысы – сәйкессіздіктерді анықтау ғана емес, сонымен қатар, тұтынушыларға өз құқықтары жайында ақпарат беруге бағытталған. Таңбаламаны түсіну, сондай-ақ, өз құқығын білу – әр сатып алушы үшін қиындықтарды болдырмауға және денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін қажетті құрал болып табылады.
Сөз соңында Алия Расбекқызы: "Сүт өнімдерін таңдау ұқыптылық пен саналылықты қажет етеді. Тұтынушылар белсенділік танытып, егер қаптамасына қатысты ақпаратқа күмәнданса, сұрақтар қоюдан тартынбағаны жөн. "Денсаулық – баға жетпес байлық" екенін есте ұстаңыз және оған қамқорлық – өнімдерді дұрыс таңдаудан басталады!" – деді.
Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ