Сүйектен түрлі бұйым жасайтын ақтөбелік ұстаз оқушыларды ұлттық қолөнерге баулып жүр
Ұстаз арнайы үйірме ашып, балаларды да ұлттық өнерге баулиды. Төрт түліктің сүйегі мен мүйізі шебердің қолына түскеннен кейін түрленіп шыға келеді. Сойылған малдың сүйектерін тастамай, оны қайнатып, өңдеуге әзірлеп қоюды әдетке айналдырған. Қажетті пішіні қалыптасқаннан кейін лак жағып, көздің жауын алардай етіп безендіріледі, деп хабарлайды "Хабар-24".
"Пышақты алатын болсақ оның сырты ешкінің мүйізінен жасалған. Әртүрлі бұйымдармен безендірілген. Ою салынып, енді ұлттық нақышта болғаннан кейін әртүрлі оюлар салынады. Мына тарақты біз арамен кесеміз ғой тарақтың несі шығуы үшін. Сол үшін араларды қолданамыз. Мына сиырдың бейнесі шығуы үшін егеумен ысамыз". Оқушы Аслан Орынғалиев
Бұл кәсіпті Бірлік атадан қалған мирас дейді. Сүйек пен ағаш ойып, тұрмыста қолдану – қазақ халқының ұлттық өнері. Қызығушылығы бар балаларды баулып, шәкірт тәрбиелеуді борыш санайды. Сондықтан мектеп бағдарламасынан тыс үйірме ашып, білгенін үйретіп жүр.
"Қазір мектебімізде үйірмеде 20 оқушы бар. 20 оқушы қатысады. Енді бәрі бірдей келе береді деп айта алмаймын. Бірақ қызығушылықтар бар. Сүйекті өңдеген уақытта кішкене шыдамдылық керек. Шеберлік керек оған. Мейірімділік керек. Нәзік қой сүйектер. Сондықтан оған әр уақытта шыдамдылық керек". Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Бірлік Сұлтан
Қобда ауданының Талдысай ауылындағы орта мектепте еңбек ететін ұстаз өңірге танымал шеберлердің бірі. Қолынан шыққан бұйымдарды қолқа салып алатындар көп. Шығармашылыққа жаны жақын балалар да үйірмеден қалмауға тырысады. Айта кету керек Бірліктің шәкіртінің сүйектен жасаған пышақ қыны республикалық көрмеде ең үздік бұйым деп танылып, жүлдеге де ие болған.