Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлынан тәркіленген бизнес орталық саудаға қойылды
Сурет: sauda.e-qazyna.kz
Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 4 ақпанда sauda.e-qazyna.kz - мемлекеттік мүлік реестрі порталында ақпарат пайда болды.
Оған сәйкес, бизнес-орталықтың бастапқы құны 61 547 298 223 теңгені құрайды, кепілдік жарна – 9 232 094 734 теңге. Өтінімдерді қабылдау 7 сәуірде, сағат 09:55-те аяқталады, ал сол күні сағат 10:00-де сауда-саттық жүргізу жоспарланған.
Kaisar Plaza БО тұрғын үй емес ғимараты Желтоқсан көшесінде орналасқан, 9 қабаттан тұрады. Бизнес-орталықтың жалпы ауданы 63 920 шаршы метрді құрайды.
"Жалға алушылар саны - 53, жалдау мерзімі әртүрлі. Ғимарат алаңы әртүрлі көрсетілген: жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтамада ол 63 920 шаршы метр, ал техникалық төлқұжаттың көшірмесінде 56 480 шаршы метр (7440 шаршы метр айырмашылық) деп көрсетілген. Бұл алшақтық былай түсіндіріледі: жалпы ауданы 2297 шаршы метр болатын панорамалық қабат іс жүзінде шатыр болып есептеледі және жалпы аумаққа кірмейді, сонымен қатар аудандарды қайта есептеу және түзу кезінде жалпы аумақ 5143 шаршы метрге азайған", делінеді сипаттамада.
2024 жылғы 15 тамызда Активтерді қайтару жөніндегі комитет Қайрат Сатыбалдыұлынан мемлекетке 18 млрд теңгенің активтері қайтарылғанын хабарлаған болатын. Олардың қатарына Алматыдағы екі ірі бизнес-орталық, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беткеұстар ауданындағы элиталы үй де бар.
2026 жылғы 30 қаңтарда барахолкадағы Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы базары өтпегендіктен, нарықтық құны тағы 4 миллиардқа төмендетілді.