Ұлттық банктің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру үшін қанша валюта сатып алғаны мәлім болды
Орталық банк таратқан мәліметке сүйенсек, Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында мамырда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды, оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 8%-ына тең болды.
Ұлттық Банк мамыр айында валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
"Маусымда Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде қажетті трансферттер сомасы бойынша Ұлттық банк алдын ала маусымда Ұлттық қордан 500 млн АҚШ долларынан 550 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр".ҚР Ұлттық банкі
Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, маусымда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алынады деп күтілуде.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты шеңберінде валюта нарығында жүргізілетін барлық операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсететін болады. Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтынвалюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.