Қазақстанда бұрын тараған алаяқтық қайта қолданылып жатыр
Айта кетейік, Қазақстанда мұндай алаяқтық 2022 жылдың қарашасында болған еді. Ол кезде несиеге қомақты ақша алуды WhatsApp арқылы ұсынатын.
Stopfake.kz сарапшылары қазақстандықтардың мұндай жомарт ұсыныстарға неге сенбеуі қажет екенін түсіндірді. Ең әуелі мұндай ақпарат бюллетенінің мәтініне назар аудару керек. Әдетте мұндай жазбалар белгілі бір алаңдаушылық тудырады:
- біріншіден, әлеуметтік желілерде тараған хабарлама мәтінінде несие беруді жоспарлап отырған банк немесе әлдебір қаржы ұйымы емес, жеке тұлға екені айтылған;
- екіншіден, несие валютасы қазақ теңгесінде емес, қырғыз сомында көрсетілген. Мұның бәрі қауіп тудырады.
"Жеке тұлғадан ірі көлемде несие беру туралы мұндай ұсыныстардың шетелде сирек емес екені интернеттен іздегенде анықталды. Мысалы, Сингапурда алаяқтар осылай жұмыс істейді. Олар өздеріне хабарласқан мүдделі "қарыз алушылардан" көрсетілген шотқа несиені өңдеу үшін белгілі бір комиссия жіберуді сұрайды. Содан кейін олар жоғалып кетеді. Қоңырау мен хабарламаларға жауап беруді тоқтатады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар интернетте "бірдеңе дұрыс емес" деп күдіктеніп, жалған несие берушілерге қандай да бір соманы жіберуден бас тартқан адамдар туралы әңгімелер де бар. Мұндай жағдайларда адамдар "Жеке дерегіңізді жария етемін" деген сияқты бопсалау мен қорқытуларға тап болады.
Қазақстандықтарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеу ұсынылады. Дегенмен алаяқтар сенгіш қазақстандықтардан ақша алудың басқа жолын да тапқан. Енді алаяқтар "Байқауға дауыс беру" деген желеумен фишингтік сілтемелерді таратып жатыр.