Қазақстандықтар тұтынушылар құқығын қорғау тұрғысында сотқа жиі жүгінетін болған

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бірінші сатыдағы соттарға осындай 768 өтініш түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% артық. Мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда алғаш рет байқалып отыр, деп хабарлайды Бірінші несие бюросы.
"Статистика көрсеткендей, уақыт өткен сайын тұрғындар өздерінің тұтынушы құқығын қорғау үшін сотқа жүгінулері артып келеді. Осылайша, 2016 жылдан 2025 жылға дейін қаңтар-наурызда берілген шағымдар саны тек үш рет азайды. Соңғы көрсеткіш 2024 жылы азайған, оның өзінде бар болғаны 4% ғана", делінген бюро талдауында.
Сарапшылар бұл ретте тұтынушылардың шағымдары көбіне сауда және қызмет көрсету салаларына қатысты болатынын атап өтеді (соттарға бірінші тоқсанда түскен өтініштердің 41%-ы). Ал өте сирек – медицина саласына (2%).
Алайда, бюроның нақтылауынша, шағымдардың айтарлықтай бөлігі әлі де нақты қарауға келмейді. Мысалы, тек 2024 жылдың өзінде соттар өтініш берушілерге берілген арыздардың үштен бірін қайтарған.
"Сірә, мұндай шағымдар төрт қадамдық алгоритмге сәйкес келмеуіне байланысты қайтарылады. Заңға сәйкес, тұтынушы сотқа жүгінер алдында жанжалды шешудің үш кезеңінен (кәсіпкер-медиатор-мемлекеттік орган) дәйекті түрде өтіп, оның ешқайсысында нәтижеге жете алмаса ғана сотта қаралады", - дейді бюродағылар.
Айтқандай, билік бұл процедураны жеңілдетіп, оны екі сатылы етуді жоспарлап отыр – тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте қаралуда.
Қорытындылай келе, тұтынушының шағымын қанағаттандыру мүмкіндігі, егер сот қарауына қабылданған болса, айтарлықтай жоғары екенін мойындаған жөн. Атап айтқанда, қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша мұндай істердің 83%-ы – 319-ның 264-і талап қоюшылардың пайдасына шешілген. Қабылданған шешімдер бойынша 457,4 млн теңге өндірілуі тиіс.