Мұнай қымбаттап жатыр: Қазақстан мен ОПЕК+ өндірісті біртіндеп қайта арттыруда

Добыча нефти, нефтедобыча, нефть, нефтяная скважина, нефтедобывающее оборудование, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.10.2025 16:35 Фото: pexels
Мұнай бағасы өсім көрсетті. Бұған ОПЕК+ келісіміне қатысушы негізгі елдердің өндірісті күтілгеннен әлдеқайда баяу қарқынмен қалпына келтіру туралы шешімі себеп болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ерікті түзетулер

Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман сияқты сегіз мемлекет нарық тұрақтылығын қолдайтынын растап, мұнай өндірісін тәулігіне 137 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады.

Бұл сақтықпен қабылданған шешімге нарық бірден реакция берді: жарияланым уақытында Brent эталонды мұнайы баррелінің бағасы 65,22 АҚШ долларын құрап, тәуліктік өсімі 1,07%-ды көрсетті. Алайда кеңірек қарағанда, бағалар бұрынғы қысымнан әлі де айыға қойған жоқ: соңғы бір айда баға 0,37%-ға, ал жыл басынан бері 16,44%-ға төмендеген.

2025 жылғы 5 қазанда өткен ОПЕК+ елдерінің виртуалды кездесуінде қабылданған бұл маңызды шешім қараша айынан бастап күшіне енеді. Бұл – 2023 жылдың сәуірінде жарияланған тәулігіне 1,65 миллион баррельдік ерікті қысқартудың тек бір бөлігі ғана.

"Елдер нарық конъюнктурасын мұқият бақылап, бағалап отырады. Нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы ұмтылыстарын жалғастыра отырып, олар сақтықты басты қағида етіп, бұрын қабылданған тәулігіне 2,2 миллион баррельді құрайтын ерікті қысқартуларды тоқтату немесе жою мүмкіндігін де сақтап отыр", – делінген ОПЕК+ жазбасында.

Ресей мен Сауд Арабиясының позициялары

Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасай отырып, шешімнің ОПЕК+ ішіндегі күрделі ымыраның нәтижесі болғанын хабарлады. Ресей өндірісті бар болғаны 137 мың баррельге арттыруды ұсынған.

Ал Сауд Арабиясы мұнай көлемін бұдан да көбірек арттыруды көздеген: 274 мың, 411 мың, тіпті 548 мың баррельге дейін.

Ақырында қабылданған шешім – өндірісті баяу арттыру – нарықты теңгерімде ұстап, жоғары бағаны сақтауға бағытталған консервативті ұстанымның басымдыққа ие болғанын көрсетті.

Мұнай бағасының өсуіне негізгі себеп – ОПЕК+ ұйымының осы сақтыққа негізделген шешімі. Қараша айына бекітілген 137 мың баррельдік өсім қазан айындағы көрсеткішпен шамалас және кейбір сарапшылар күткендей 500 мың баррельге жетпейді. Бұған дейін осыншалықты көлемдегі мұнайдың нарыққа қайта оралуы мүмкін деген ақпарат бағаның құлдырауына себеп болған еді.

Баспасөз хабарламасында, қажет болған жағдайда, бұрын қысқартылған 1,65 млн баррельдің белгілі бір бөлігі немесе түгелі қайта өндірілетіндігі де айтылды.

Қатысушылар үшін болашақ мүмкіндіктер

Қазақстанды қоса алғанда, экономикасы көмірсутек экспортына тәуелді мемлекеттер үшін нарық тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды фактор болып қала береді.

ОПЕК+ ұйымының мақсаты – мұнай ұсынысы мен жаһандық тұтыну арасында тепе-теңдікті сақтау. Бұл – "мұнай нарығының берік негіздері" мен "әлемдік экономиканың орнықты даму перспективаларына" сүйенген стратегия.

Сегіз ел ай сайын жағдайды талдау, бақылау және қажет болған жағдайда компенсация шараларын қабылдау үшін кездесіп отырады. Келесі кездесу 2025 жылғы 2 қарашада өтеді.

Бұған дейін 6 қазандағы саудада теңге шетел валюталарына қатысты нығайғанын жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: