Жаңалықтар тізбегі
0

Қиын жасөспірім шақ: 14 жастағы қыздар мен олардың ата-аналарын не мазалайды

Жасөспірімнің мінезі, ата-аналар қалай қарым қатынас жасауы керек, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.04.2023 14:40 Сурет: Zakon.kz
14 жасында қыздар тез өседі, келбеті де, қызығушылықтары да өзгереді. Әлі бойжетпеген, бірақ, өздерін бала санамайды. Көбіне осы кезеңде ата-анасымен қарым-қатынасы да қиындай түседі, тез ашуланшақ келеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Көптеген ата-ана осы шақта қыздарының мінезі қатты құбылып, қиын жағдайға тап болғандарын айтады. Психологтар мұндай жағдайда ата-аналарға өздерін қалай ұстау керектігі жөнінде кеңес берді.

Дөрекі сөйлеп, ашулана береді

Оқырманның сұрағы: «Менің 14 жастағы қызым маған жиі дауыс көтереді, дөрекі сөйлейді. Мен оның осы шақта гормоналды өзгеріске ұшырайтынын түсінемін, бірақ, сонда да қатты алаңдаймын, тіпті, кейде қорқамын. Осы мәселеде не істеу қажет? Қызыммен қарым-қатынасты қалай дұрыстаймын?».

"Әдетте жанжал туындаған жағдайда әрекеттің үш түрі болады. Біріншісі – агрессивті, бұл дөрекі сөзге дәл солай жауап беру, кейде тіпті, қол көтеруге дейін бару. Екіншісі – пассивті, баланың шағымдарын елемеу. Үшіншісі – манипуляция, жаман мінез-құлыққа жауап ретінде бір нәрсемен қорқыту, шектеу арқылы жазалау. Ата-аналарға ескертетін жайт, барлық аталған үш нұсқа мәселені шешпейді." Ирина Волкова, ҚР отбасылық психотерапевтер мен психологтар қауымдастығының вице-президенті.

Дұрыс жолы – жанжалға түскен екі тарап та өз құқықтарын білетін ассертивті мінез-құлық. Бірақ, бұл балалармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, олармен сөйлесуге уақыт бөлетін адамдарға қатысты. Ата-аналар әрдайым қарым-қатынас орнатудың жаңа жолдарын іздеуі керек және баланы қуыршақ емес, жеке тұлға ретінде қабылдауы қажет.

Сондай-ақ балалардың әдетте отбасында көрген мінез-құлық түрлерін қайталайтынын есте сақтау қажет. Егер ата-ана үйде бір-біріне құрмет танытпаса немесе бейтаныс адамдармен дөрекі сөйлесе, бала оны күш-қайраттың белгісі деп санайды, сөйтіп қарым-қатынастың осындай түрін қолдана бастайды.

Тағы бір маңызды мәселе – агрессивті мінез-құлықтың физиологиялық себептері де болуы мүмкін, яғни баланы медициналық тексеруден өткізу қажет. Мысалы, қалқанша безінің гормондары психикаға қатты әсер етеді, тіпті, баланы өз мінез-құлығын басқара алмайтындай жағдайға жеткізуі де ықтимал.

"Мәселені шешудің бір ғана жолы бар – баланы ешбір шартсыз сүю, сол күйінде қабылдау, құрметтеу, шыдамдылық таныту, кейде мойынсұну, кешірім сұрау және кешіре білу. Ортақ тіл табу қажет, мысалы, баланың белгілі бір өмірлік мақсатқа деген қызығушылығын қалыптастыру, оған жетуге деген ұмтылысын ояту." Жанар Даненова, Жоғары санатты психиатр дәрігер.

Мектептегі қудалау

Оқырманнан сұрақ: «Қызымды мектепте біреулер қудалайды. Көңілі түсіп, сабаққа барғысы келмейді, жиі жылайды. Не істеуім керек?».

"Дәлелдер жинаңыз, тіпті, заңгермен кеңесе аласыз. Сонымен қатар, балаңызды қудалағандардың ата-аналарымен сөйлесіңіз. Өйткені, баланың басқаларды қорлауы көбінесе отбасылық мәселелерге, ата-аналар арасындағы немесе ата-ана мен бала арасындағы жағымсыз қарым-қатынастарға байланысты туындайды. Бала ішінде жиналған агрессияны үйде білдіре алмайды, сөйтіп басқа балаларға шығарады." Вахтанг Джапаридзе, Психолог және психотерапевт.

Өз келбетіне көңілі толмау

Бұл жаста көптеген қыздардың өз келбетіне көңілі толмай жатады. Біреуге шашы, біреуге бет-әлпеті, енді біреуге аяқ-қолы ұнамайды. Осылайша, белгілі бір комплекстері пайда болады.

"Жақында бір әйел 14 жастағы қызымен келді. Қыз өзіне ұнамайтынын, бойы мен аяқтары ұзын болуын қалайтынын айтады. Мұндай нәрселер жасөспірімдерге тән." Виктория Левина, Алматыдағы Вознесенск соборының психологы.

Сүйек жүйесінің қалыптасуы тек 18-20 жаста болатынын есте сақтаған жөн. Ішкі органдар, қанайналым жүйесі де адамның тез жетілуіне ілесе алмайды. Бұл орайда жасөспірімдерге әдемі құсқа айналған «Ұсқынсыз үйрек» туралы ертегіні еске түсіру орынды. Әзірге келбетіне көңілі толмағанымен, кейін оның жайқалып, түрленіп, әдемі болатынын ұғындыру маңызды.

Бұл жағдайда оны басқа балалармен салыстыру қателік. Керісінше, баланы сол қалпында қабылдап, мақтау айту керек. Егер келбетінің кей жерлері өзіне ұнамаса, көп ұзамай бойжетіп, бұл мәселе шешілетінін есіне салып тұру қажет.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: