Алматылықтар мегаполис кітапханаларында шет тілдерді тегін үйреніп жатыр
Тіл үйренуге ниет білдіргендерге сабақты университет оқытушылары, елшілік өкілдері мен еріктілер жүргізеді. Мәдениет басқармасы қала кітапханалары кітап оқуға деген қызығушылықты ояту және келушілердің танымдық іс-әрекетін ынталандыру үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Біз қоғамның жан-жақты дамуына және мәдениетаралық түсіністікті нығайтуға ықпал ететін шығармашылық бастамаларды белсенді қолдаймыз. Мамандар оқырман үшін әдеби викториналар, авторлармен кездесу, түрлі тақырыптық байқау өткізіп қана қоймай, кітап және тіл үйірмелерін ұйымдастырып жүр. Айта кетері, 4000-ға жуық адам шет тілі курстарынан өткен. Олар негізінен 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалр. Осылайша өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға байланысты мемлекет басшысы міндеттеген тапсырманы орындап жатырмыз. Жалпы кітапханаларда цифрландыру, кітап қорын жаңарту бойынша жұмыс істеліп және бұл мәселелер қала әкімінің ерекше бақылауына алынған", – деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Қазір мектеп жасына дейінгі балалар да ата-аналарымен бірге "Onay English", "English for children", "Mama&me" және "Read-ka" жобаларына қатысуда. Айта кетерлігі, Алматы кітапханалары қазақ тілін үйренемін және жетілдіремін дейтін оқырмандар үшін де қолайлы жағдай жасаған: қазақ тілінде көркем жазу, дұрыс сөйлеу және шешендік өнерге баулуға бағытталған жобалар жүзеге асып жатыр. Кітапханалар желісі ұсынған жаңалықтардан шет қалмау және тіл курстарына қатысты қосымша ақпарат алу үшін қала кітапханаларының Instagram-дағы ресми парақшасына @library.almaty жазылуға шақырамыз.
Анықтама үшін: Алматыда 28 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Олар:
- Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы,
- ALATAU CREATIVE HUB,
- А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана,
- Отбасылық оқу кітапханасы,
- Алмалы кітапханасы,
- И.А. Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасы,
- С.Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы,
- №45 филиал, №44 филиал,
- №39 балалар кітапхана бөлімшесі,
- №33 балалар кітапхана бөлімшесі,
- № 32 көпшілік кітапхана,
- №31 көпшілік кітапхана,
- №30 балалар кітапханасы,
- №29 балалар кітапхана бөлімшесі,
- №26 кітапхана бөлімшесі,
- №24 балалар кітапхана бөлімшесі,
- № 20 кітапхана бөлімшесі,
- №15 кітапхана бөлімшесі,
- №14 кітапхана бөлімшесі,
- №6 кітапхана бөлімшесі,
- №4 кітапхана бөлімшесі, Қазақстан Жазушылар кітапханасы,
- №1 балалар кітапхана бөлімшесі.
Тізімдегі алғашқы екі кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді.