Алматыдағы балаларда тіс ауруы жиі кездеседі – дәрігерлер
Балаларда көп кездесетін аурудың себептері мен алдын алу туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультеті Жоғары медицина мектебінің клиникалық мамандықтар кафедрасының профессоры Клара Шалабаева және қаланың штаттан тыс бас балалар нефрологы, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева айтып берді. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Клара Шалабаеваның айтуынша, балаларда тіс аурулары жиі кездеседі.
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының критерийлері бойынша біздің республикада әртүрлі жас топтарындағы балаларда кариестің таралуы орташа есеппен 70-85% болды. Ал қарқындығы бойынша біздің балаларда кариестің декомпенсацияланған түрі жиі кездеседі, – деді Клара Шалабаева.
Балалардың стоматологиялық денсаулығының бұндай жағдайының себебі – жүктіліктің патологиялық ағымы, әйелдің денсаулығы, жүктілік кезіндегі теңгерімсіз тамақтану, өмірдің бірінші жылындағы баланың ауруы, кіші және мектеп жасындағы диетадағы көмірсулардың артық болуы, ауыз қуыс гигиенасының сақталмауы.
Сонымен қатар спикер тіс ауруларының алғашқы профилактикасы бағдарламасының жоқтығы, мектеп жасындағы балаларға жоспарлы түрде ауыз қуысын сауықтыру, жалпы білім беретін мектептердегі стационарлық стоматологиялық кабинеттердің жабылуы сияқты маңызды әлеуметтік факторлар тіс денсаулығының нашарлауына әкеп соқтыратынын айтты.
Қазақстандағы стоматологиялық мекемелердің 80%-дан астамының жеке меншікке өтуі стоматологиялық көмекті балалар мен жасөспірімдерге қолжетімсіз етті. Стоматологиялық қызметтердің (пломбалардың) жоғары бағасы ата-анасының материалдық жағдайы төмен ауылды жерлерде тұратын көпбалалы отбасы балаларының ауыз қуысын жақсарту мүмкіндігінен айырды.
Ауыз қуысының жағдайы – жалпы денсаулықтың көрсеткіші. Ал тіс ауруын азайтпай, дені сау бала өсіру мүмкін емес, – деді профессор Клара Шалабаева.
№2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева бүгінде балалар арасында нефрологиялық аурулардың жиі кездесетінін айтты. Оның сөзінше, қыздар мен ұлдардағы аурудың 80-85%-ы – зәр шығару жолдарының инфекциясы.
Спикер барлық ата-анаға балаларда себепсіз температура, дизурия пайда болған кезде, зәр шығару жиі ауырсынумен, ісінумен болса немесе бала аз зәр шығара бастаған жағдайда міндетті түрде жалпы зәр анализін өткізіп, учаскелік дәрігерге немесе нефрологқа жүгінуді ұсынды.
Бұл аурулардың көбін өзінен-өзі жоюға болатынын атап өткім келеді. Алдын алудың бірнеше жолы бар: балаларға суды көп ішуді үйрету, қыз балалардың тазалығына мән беру, зәр шығару қиындығы мен іш қатуды дұрыс емдеу, - дейді Сәуле Алпысбаева.