Түркістан облысында браконьерлерден 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық алынды
Мобильдік топтар құрамындағы полицейлер “Браконьер”, “Уылдырық” және басқа да жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде қазіргі заманғы техникалық құралдарды, квадроциклдерді, қайықтарды және қызметтік автокөліктерді пайдалана отырып, бүкіл аумақты және қорғалатын табиғи аймақтарды қамти отырып, рейд жүргізді.
Жыл басынан бері заңсыз балық аулау дерегі бойынша 18 қылмыс тіркеліп, балық аулау ережелерін бұзған 457 азамат анықталды.
Оның ішінде 431 бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, 7,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді.Тыйым салынған құралдарды (Қытай ау-торлары және тағы басқа заттар) пайдалана отырып, заңсыз балық аулағаны үшін 26 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, жиналған материалдар сотқа жолданды.
Браконьерлерден 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық, 36 жүзу құралы, 4 қайық қозғалтқышы мен 44 түрлі балық аулау құралдары тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз аң аулаудың алдын алу бойынша 10 ай бойы жүргізілген рейдтік-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде тұрғындардан тіркелмеген 21 аңшы қаруы тәркіленді.
Аң аулау ережелерін бұзған 100-ден астам азамат анықталып, оның ішінде 48 адамға айыппұл салынды, ал 53 құқық бұзушыға ескерту шарасы қолданылды. Аталған кезеңде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің үш жайтын анықтап, сотқа жолдады.
6,2 текше метр жиналған ағаш түрлері тәркіленді. Жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғау ережелерін бұзудың 60 дерегі анықталды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары сексеуілді және басқа да ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу мақсатында облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлескен рейдтерді жалғастыруда.
Одан басқа облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы Полиция департаменті Жер қатынастары және кәсіпкерлік басқармаларымен бірлесіп, мобильдік топтар құрылып, табиғи жер қойнауын, оның ішінде пайдалы қазбаларды (тас, құм, қиыршық тас және тағы басқа) заңсыз өндіру мен өткізуді анықтау, алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шараларды жүргізуде.
Нәтижесінде жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясының инспекторлары 86 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 73 жайт ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабы бойынша жинақталған материалдар құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту және шығынды өндіру үшін Түркістан облысы бойынша Экология департаментіне жіберілді.
ҚР ҚК-нің 334-бабының негізінде 13 жайтқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, алдағы уақытта оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады.