Мәжіліс жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Құжаттарды депутаттарға таныстырған Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заң жобасын әзірлеу кезінде жеке тұлғалардың банкроттық институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі зерделенгенін айтты.
Осылайша, ол халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің үш түрін енгізу ұсынылып отырғанын атап өтті. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл процедураларды қолдануға құқығы жоқ.
"Бірінші процедура – соттан тыс банкроттық. Ол банктер, микроқаржы ұйымдары мен инкассаторлар алдындағы берешегі 4,9 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспайтын, ресми кірісі жоқ немесе кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен – 36018 теңгеден аспайтын азаматтарға қатысты қолданылады. Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауға тиіс.Ерұлан Жамаубаев
Соттан тыс банкроттықты тек қана банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Егер борышкер мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін болса:
- борышкердің АЕК-тің 1600 еселенген мөлшерінен астам берешегі болса;
- борышкер банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді жүргізу жөнінде шаралар қабылдаса, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдері қолданылады.
Бұл ретте барлық міндеттемелерінің мөлшері (оның ішінде орындау мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішпен ғана сотқа жүгінуге құқылы. Ерұлан Жамаубаев
Азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындамаған жағдайда кредиторлар сот банкроттығын қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы, ал борышкердің өзі сот банкроттығын қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
Борышкердің мүлкін өткізуден түскен қаражат кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жұмсалады.
Сот банкроттығы рәсімі аяқталғаннан кейін сот қаржы басқарушысының қорытынды есебін бекітеді және қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып, азаматты борыштардан босату туралы шешім қабылдайды.
Жұмыс тобына 200-ден астам ұсыныс келіп түсті, олар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он төрт отырысында және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында қаралды.
Оқи отырыңыз