Арнаулы салық режимдері: 2023 жылдан бастап не өзгерді
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдері (АСР) қолдану кезінде рұқсат етілмеген қызмет түрлерін толықтыру бөлігінде Салық кодексінің нормасы күшіне енді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шағын бизнес субъектілері үшін АСР қолдану бойынша шектеу маркетингтік қызметтерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге де қолданылады.
Салық кодексіне сәйкес маркетингтік көрсетілетін қызметтер – тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын әзірлеуді қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты көрсетілетін қызметтер.
Осылайша, мұндай қызметтерді көрсететін салық төлеушілер шағын бизнес субъектілері үшін АСР қолдануға құқылы емес.
АСР қолдануға кімдер құқылы емес
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай қызметті жүзеге асыратын:
- сауда базарларын жалға беру және пайдалану бойынша (ЭҚЖЖ 68203 сауда нарығын жалға беру және пайдалану);
- 1, 2, 3-санаттағы сауда объектілерін (сауда базарлары, стационарлық сауда объектілері), сондай-ақ олардың аумағындағы сауда орындарын, сауда объектілері мен қоғамдық тамақтану объектілерін қосалқы жалға беретін салық төлеушілердің шағын бизнес субъектілері үшін АСР (арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, патент, тіркелген шегерімді пайдалана отырып оңайлатылған декларацияны) қолдануға құқығы жоқ;
Енді бұл нені білдіретінін анықтайық.
Егер сіз үй-жайдың иесі болсаңыз және сауда базарларынан басқа кез келген үй-жайды жалға берсеңіз, бұл шектеулер сізге қатысты емес. Негізгі шектеулер үй-жайларды одан әрі қосалқы жалға беруге қатысты.
1, 2, 3-санаттағы сауда объектілері дегеніміз не? Бұл сауда алаңы 500 шаршы метрден асатын, сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағында белгіленген қалған шарттарға сәйкес келетін барлық сауда үй-жайлары.
Сауда алаңы – бұл сауда объектiсiнiң тауарларды сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысу жүргізуге, сатып алушылардың өтуiне арналған, арнайы жабдық қойылған алаңы.
Осылайша, егер сіз осындай үй-жайларды немесе оның бөліктерін қосалқы жалға берсеңіз, онда сіз шағын бизнес субъектілері үшін АСР-ін қолдануға құқығыңыз жоқ.
Бұл ретте мұндай объектілердің аумағында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге (қосалқы жалға беруді қоспағанда) бұл шектеулер қолданылмайтынын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын бизнес субъектілері үшін екі және одан көп салық төлеушілердің бір қонақүйдің немесе қонақүй қызметтері көрсетілетін жеке тұрған тұрғын емес ғимараттың аумағында осындай қызметтерді көрсету саласындағы қызметін жүзеге асыратын тұлғалар АСР қолдануға құқылы емес.
Арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын АСР бойынша Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар
Арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын АСР-ге көшуді жүзеге асыратын тұлғалар үшін қолданудың басталу күні анықталды (қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын АСР-ді таңдау күні болып табылады).
Арнаулы мобильді қосымшада арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын немесе оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданатын, қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын жеке кәсіпкер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушы (клиент), алушы арасында есеп айырысуларды жүзеге асыру фактісін растайтын құжат ретінде арнаулы мобильді қосымшаның чегі қалыптастырылады.
Ақпарат толықтырылды, ол өткізілетін тауар санаты бойынша арнаулы мобильді қосымшаның чегінде қамтылған.
Нақтылау енгізілді, онда тауар санаты деп функционалдық мақсаттар бойынша біріктірілген тауарлар тобы түсініледі.
Сондай-ақ, оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданатын жеке кәсіпкер екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, электрондық алаңдар операторының мобильді қосымшасын пайдаланған кезде, оларға арнаулы мобильді қосымшаның чектерін қалыптастыруға уәкілеттік беруге құқылы.
Арнаулы мобильді қосымшаны оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданушы жеке кәсіпкер арнаулы мобильді қосымшаның чегін қалыптастыру және беру үшін де пайдалана алады.