Мектептегі қауіпті қалай сейілтеміз
13 ақпанда Петропавлдағы №4 мектепте 9-сынып оқушысы балта және пышақпен қаруланып, бірнеше баланы жарақаттады.
2023 жылғы 15 ақпанда Петропавлдың мамандандырылған тергеу соты кәмелетке толмаған баланы екі айға қамау туралы шешім шығарды. Күдіктінің бұған дейін психиатриялық ауруханада емделгені белгілі болды.
Осы орайда балалар мен жасөспірімдерді агрессиялық әрекетке не итермелейтіні, қалыптасып жатқан қорқынышты үрдісті қалай тоқтату керек, мұндай қиын мәселелерді шешу жолдары жайында мамандардың пікірін білуді жөн көрдік.
"Ұлағатты жанұя" қоғамдық қорының президенті Марианна Гуринаның айтуынша, Петропавлда оқушыларға шабуыл жасаған бала психиатриялық ауруханада емделген және дәрігерлер оның жалпы білім беретін мектепте оқи алатынын мәлімдеген.
"Бала инклюзивті түрде барлығымен бірге оқыған, және белгілі болғандай, басқаларға қауіп төндірген. Мұндай жағдайда мектеп оқушыларын қалай қорғауға болады? Бұл маңызды мәселе! Өйткені, біздің мемлекетіміз барлық мектептердің инклюзивті білім беруге дайын екенін мәлімдейді, бірақ іс жүзінде барлық мұғалімдер науқас баланы оқытуға дайын емес", – дейді Марианна Гурина.
Айтуынша, Қазақстанның бірнеше мектебінде аутист балалар оқиды. Бұл балалар психиатрлардың рұқсатымен қарапайым сыныпқа қосылады. Оларға қарау оңай емес. Егер дәрігер ондай баланы жалпы білім беретін мектепте оқи алады деп шешсе, қалған оқушылардың ата-анасы оған қарсы бола алмайды.
"Әрине, біз олардың қарапайым балалардың ортасында өмір сүргенін, бірге оқығанын қолдаймыз. Бірақ, әрдайым біз ойлағандай бола бермейді. Мысалы, осы тоғызыншы сынып оқушысына келетін болсақ, бұған дейін оның психикалық тұрғыда денсаулығы нашар деп танылған, кейіннен мектепке оралуына рұқсат берілген. Ал енді балада рецидив болғаны анық", – дейді маман.
Оның айтуынша, дәрігерлер баланы жалпы білім беретін мектепте оқуға дайын деп шешкен соң, ата-аналар босаңсып, бақылауды әлсіреткен. Ал ол уақытта бала гаджетте кісі өлтіру эпизодтары бар агрессивті ойындар ойнайды. Әлбетте бұл оның психикасына кері әсерін тигізеді.
Осылайша, бала ойынның кейіпкері секілді қатігездікке баруға дайын болады. Біреуге ренжіп, кек сақтап қалған болуы да мүмкін. Ішіндегін ешкімге айта алмай, ұзақ сақтаған ызасы сыртқа шығып, кісі өлтіруден тайынбайтын күйге жеткен көрінеді.
"Компьютерлік ойындар ойнатпағаны үшін әжесін балталап өлтірген баланың оқиғасын да білеміз ғой. Мұндай жағдайлар көптеген себептерден туады. Ата-аналар балаларына көп уақыт бөле алмайды. Медициналық мекемелер жетіспейді, онда баланың өзін жайлы сезінуі үшін жақсы жағдай жасалмаған. Оның әлеуметтенуі үшін қажетті ресурстар жоқ, – дейді Марианна Гурина. – Әрине, ауытқуы бар бала өзгелермен араласып, қоғамда әлеуметтенуі керек. Бәлкім, петропавлдық оқушының ата-ана, мектеп және дәрігердің бақылауынан бөлек, тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдап жүргенінде мұндай жағдай болмас па еді. Ол өз бетінше дәрілерді қабылдамай кеткен болуы мүмкін. Мұндай балаларға көп уақыт бөлетін бекітілген дәрігер немесе мектеп дәрігері керек. Мәселені жүйелі түрде шешу қажет".
Когнитивті психотерапевт, психолог-физиолог Виктория Левинаның айтуынша, Қазақстанда мектептерден неше бала психиатриялық есепте тұрғаны жайында статистика ала алмайсыз. Әр мектеп өз беделіне алаңдап, мұндай ақпаратпен бөліскісі келмейді.
"Петропавлдағы жағдайды әртүрлі қырынан қарастырып, себебін түсіну керек. Кейде әдепті, зиялы отбасынан шыққан балалар да осындай әрекеттерге барады. Бала компьютерлік ойында немесе фильмде кездескен кейбір мінез-құлық моделін қайталауы мүмкін. Бұл тек мектепке ғана емес, баланың отбасындағы ата-анамен қарым-қатынасына да қатысты жүйелі проблема", – дейді Виктория Левина.
Айтуынша, мектептерде күйзеліс жағдайында өзін-өзі ұстау, адамдармен байланыс орнату бойынша сабақтар өткізу қажет.