Балағат сөздер – ұрпақтың санасын улайтын қауіпті дерт
Бесіктен белі шықпай жатып, ой-пікірін еш қысылмастан былапыт сөздермен жеткізетін күйге жетті. Бұл жағымсыз үрдісті тежеп, мәдениетсіздікке тосқауыл қойып, болашақ ұрпақтың санасын улайтын қауіпті дерттен арылатын кез келді.
Айта кетейік, 7 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әдепсіз сөздер айтқаны үшін жазаны қатайтатын түзетулер күшіне енді. Бұдан былай балағат сөз айтқан адамдар 69 000 теңге (бұрын 17 250 теңге болатын) айыппұл арқалайды немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.
Осы орайда, қоғам арасында балағат сөздердің кең қолданылуы жайында мамандардың пікірін білуді жөн көрдік.
Жазушы, блогер, сценарист, радио жүргізушісі, әдеби шеберлік оқытушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақ ПЕН-клубының мүшесі Лиля Калаустың айтуынша, әдепсіз лексиканы ақылмен пайдалану керек.
– Мен бұлай сөйлеу тәжірибесіне өте байсалдымын. Яғни, балағат сөз естігенде естен танып, көзді ақшитып, ашуымды сыртқа шығармаймын. Пайдасы не? Дегенмен, балаларыма және оқушыларыма әрқашан айтамын: әдепсіз лексика – бұл бірден эмоция тудыратын күшті қару. Оны өмірде, әдебиетте ақылмен пайдалану керек. Жасыратын несі бар, қатты сөз кейде ашуды шығаруға немесе қандай да бір құбылыстың мәнін қысқаша және нақты жеткізуге мүмкіндік береді. Және көп жағдайда адамдар сөзін осылай жеткізіп жатады. Сыни жағдайларда адам балағат сөз айтқанда іштей рақаттанады, бұл ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Онымен күресудің, өзіңізді ұстаудың мәні жоқ. Ал бүгінгі таңда қорқыныштысы – балағат сөздер күнделікті өмірде үйреншікті құбылысқа, жас ұрпақтың өзіндік сленгіне айналды, біреулер оны сөз арасында байқамай да айта береді. Бұл өте ұсқынсыз, – дейді ол. – Жалпы, біз балағат сөздерге арсыздықпен, надандықпен, дөрекілікпен күрескендей, қоғам болып айыптау арқылы қарсы тұра аламыз. Оның ішінде, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде талқылау, өнер туындыларында, ең алдымен, әдебиетте осы мәселені көтеру қажет.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Айгүл Ісмақова ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері арасында әдепсіз лексиканы қолдану қисынсыз екенін, сондай-ақ студенттік ортада балағат сөздер сирек естілетінін тілге тиек етті.
– Менің ойымша, постковидтік кезеңде бәріміздің сөлеу мәнерімізде ақау пайда болды. Психологтардың бақылауынша, жалпы әлемді қайта форматтау жүріп жатыр. Бірақ, әрине, біз – әр түрлі конфессиялардың, ұлттардың өкілдері, Құдайдың бізге берген дәстүрлі нұсқауын ұстанатын боламыз: жаман сөз айтпау, зинақорлық жасамау, зұлымдықты көбейтпеу. Кез келген сөзде белгілі бір ақпарат бар: жағымды немесе жағымсыз, – дейді профессор. – Қазақтардың өзіндік ұстанымы бар – тек жақсы сөйлеу, барынша жағымсыз сөзден аулақ болу. Бірақ, қазіргі таңда көптеген адамдардың виртуалдық «даңққа», «атаққа» қатты қызығатыны байқалады. Осылайша, әлеуметтік желілердің стандарттарына сай боламын деп, қисынсыз сөйлеу мәнерін де қолданып жатады.
Жалпы, балағат сөздердің қоғам арасында кең қолданылуы болашақ ұрпақтың рухани жетілуіне де айтарлықтай кедергі болатыны сөзсіз.
Бұл мәселеге қатысты дін өкілдерінің көзқарасы қандай?
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының ғылыми қызметкері, дінтанушы Мейманқожа Нұрмұхаммед өзекті мәселеге байланысты тұшымды пікірлерімен бөлісті.
– Балағат сөздердің жаппай таралу мәселесі өте өзекті. Жақында әкімшілік кодекске өзгерістер енгізілді, бұл – қоғамдық орындарда балағат сөздер айтуға қатысты жаңа түзетулер. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер осындай қоғамдық орынға айналды. Олардың қолданушылары жиі ұрысып, былапыт сөздер айтады. Чаттарда қарапайым қолданушылар бірін-бірі балағаттайды, тіпті, танымал блогерлер, әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар да әдепсіз сөзге жол беріп жатады. Ал олардың миллиондаған жазылушысы, оның ішінде жасөспірімдер де бар. Қоғамдық орындарда жан-жақтан балағат сөздер естиміз. Әсіресе, жол-көлік оқиғалары кезінде: жүргізушілер көліктен шыға салып, бірін-бірі боқтап жатады, – дейді ол.
– Қоғамның балағат сөздерді жақтырмауы, тілді, қарым-қатынасты жаман сөздерден тазарту талабы өте орынды. Біздің қоғам дәстүрлі түрде поликонфессиялық, полиэтникалық болып табылады. Пікірлер мен қоғамдық қатынастардың алуандығы ескеріледі. Бірақ, қазақстандық қоғамның құндылығын нығайтуға бағытталған жалпымемлекеттік идеология бар. Сондықтан, менің ойымша, балағат сөз сөйлеуді жалпымемлекеттік мәдениетімізге, идеологиямызға құндылық ретінде енгізе алмаймыз. Мұндай құбылыстарды заң шеңберінде реттеу керек. Конституцияда еліміздің әлеуметтік, құқықтық, зайырлы, демократиялық мемлекет екендігі көрсетілген. Әрбір адамның құқықтары мен еркіндігі бар. Бірақ еркіндікке қоғамдық орындарда балағат сөздер айтуды жатқыза алмаймыз. Бұл заңды бұзу болып табылады және әкімшілік жауапкершілікке тартуға, 69 мың теңгеге дейін айыппұл салуға негіз болып табылады.
Мейманқожа Нұрмұхаммедтің айтуынша, мұндай тәжірибе көршілес елдерде де бар.
– Қоғамдық орындарда балағат сөздер айту арқылы өскелең ұрпаққа жаман үлгі көрсететінімізді түсіну керек. Жастар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді белсенді пайдаланады. Көрші елдерде – Өзбекстанда, Тәжікстанда қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқан үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту тәжірибесі бар. Қырғызстанда да осындай заң қабылданбақшы. Азия елдері әрқашан белгілі бір мәдени сәйкестікке ие болды. Олар үлкендерге, жас ұрпаққа деген ерекше құрметпен ерекшеленді. Бірақ ақпараттық технологиялар заманындағы жаһандану процестеріне байланысты бұл құндылықтар жоғалуда, – дейді ол.
Сондай-ақ дінтанушы әлеуметтік желілерді бақылап, реттеу қажеттілігіне тоқталды.
Қазіргі уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрліг Қазақстандағы әлеуметтік желілердің (Фейсбук, Instagram, ТикТок) өкілдерімен интернет сегментін реттеу, осы блогосферада балағат сөздерді қолдануға вето қою үшін шарттар жасасуда. Менің ойымша, бұл уақтылы қолға алынған шара. Мәселен, Тиктокқа тоқталатын болсақ, егер жасөспірім оны құрылғыда ашса, барлық деректерді бірден бір форматта алады – жаңалықтар, бейнелер, мессенджерлер. Instagram-да сіз кімге жазылуды, кімнен бас тартуды таңдай аласыз. Яғни, ақпараттық ағында нені қабылдау, неден бас тарту керектігін басқара аласыз. Ал Тиктокта ақпарат ағыны бақыланбайды.
Ал еліміздегі православие діні өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта адамдар былапыт сөздерді қолданудан ләззат алатындай көрінеді.
– Балағат сөздердің қалыпты құбылысқа айналып жатқанына куәміз. Бұл қорқынышты жағдай. Адамдар былапыт сөздерді қолданудан ләззат алатын сияқты. Бірақ ежелгі уақытта әдепсіз сөздер қарғысқа тең болды. Олар азғындық рухымен, қарғыс сиқырымен және оккультизммен тығыз байланысты. Кейбір адамдар боғауыз сөздер арқылы өзін-өзі танытады. Ондай адамның жанында жындар жиналып, қуанады және оған белгілі бір күш береді, – дейді Көктал ауылы Құдай Ана қазан белгішесі ғибадатханасының қауымбасы, ақын, фотограф Иеромонах Аверкий (Белов). – Бұл үрдісті тоқтатуға шақырамын! Рухани өлімнің алдын алуға мүмкіндігіміз бар. Сөйлеу, ойлау және өмір сұлулығын қалпына келтіруге қызмет ете аламыз. Отбасылық қатынастарды, балалармен қарым-қатынасты қорғайық. Біз аузымызды, көзімізді, жүрегімізді таза ұстай аламыз. Біздің іс-әрекеттеріміз бен ойларымыз әдемі және таза болуы керек.