Банк реквизиттерінің қайсысын бөтен адамға айтуға болады, қайсысын айтуға болмайды
1.Картаның нөмірі – айтуға болады
Бұл банк картасының артқы жағында көрсетілген 16 таңбалы код. Оны басқа адамдарға айтқан қауіпсіз. Аударым жасау үшін картаның нөмірін беру жеткілікті. Кейбір жағдайларда латын әріптерімен жазылған карта иесінің аты қажет болуы мүмкін.
2.Картаның жарамдылық мерзімі – айтуға болмайды!
Ол да картаның артқы жағында, карта нөмірінің астында сол жақта көрсетілген. Оны бөгде адамдарға айтпаңыз. Кейбір онлайн-дүкендер төлемді картамен қабылдай отырып, оның нөмірін және жарамдылық мерзімін сұрайды. Яғни, бұл деректерді алаяқтарға хабарлау арқылы сіз олардың сатып алған дүниесіне еріксіз ақы төлейсіз.
3. CVC (CVV)-код – хабарлауға болмайды!
Бұл банк картасының артқы жағындағы ақ сызықта көрсетілген үш сан. Бұл картаны растау коды болып саналады және оны бөгде адамдарға мүлдем айтуға болмайды. Бұл кодты тек онлайн төлем кезінде ғана енгізу керек. Мұны төлемді қабылдайтын сайттың қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жасаған дұрыс.
4. Картаның PIN коды – айтуға болмайды!
Әдетте, ол банк картасы берілген конверттің ішкі жағында жазылады немесе картаны алған кезде SMS хабарламамен жіберіледі. Оны бөгде адамдарға айтуға болмайды. Сондай-ақ, оны жазып алып, әмиянға, сөмкеге немесе банк картасы жатқан жерде сақтауға болмайды. ПИН-кодты біле тұра, алаяқтар бірнеше минут ішінде жақын жердегі банкоматтан картадағы ақшаны ала алады.
5. IBAN коды – айтуға болады
Жұмыс берушілер IBAN кодын сұратуы мүмкін және оны ұсынудан бас тартпаған жөн. IBAN коды – бұл халықаралық стандарттар бойынша ресімделген шотыңыздың 20 таңбалы нөмірі.
Егер сізге шетелден ақша аударатын босла, осы код қажет болуы мүмкін. Оны ғана білетін алаяқтар сіздің ақшаңызды пайдалана алмайды, сондықтан кодты қорықпай айтуға болады.
6. SMS-тегі кодтар – айтуға болмайды!
SMS-пен келген растау кодтарын бөгде адамдарға хабарлауға болмайды, әсіресе олар сізге осындай өтінішпен қоңырау шалып тұрса. Кодты білетін алаяқтар онлайн-банкингке кіретін пароліңізді өзгерте алады, сізге қажет емес несие алу туралы өтінішті растайды немесе картаңыздағы ақшаны алаяқтың картасына аударуды мақұлдайды.
Stopfake.kz сарапшыларының жазуынша, көп жағдайда алаяқтар адамды алдап, реквизиттерін біліп алып, ақшасын иемденеді. Бұған жол бермеу үшін қандай реквизиттер бар, ол не үшін керек екенін және оларды кімге айтуға болатынын біле жүрген жөн.