Энергетикалық сусындар қаншалықты қауіпті: Дәрігерлер жауап берді
Астана Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының нефролог-дәрігері Шолпан Садықова энергетикалық сусындарды тұтынудың қаншалықты қауіпті екенін, олардың құрамы мен ағзаға тигізетін әсері жайлы айтып берді.
Энергетик – жүйке жүйесін қоздыратын және уақытша күш-қуат арттыратын сусын. Оны Ұлыбританияда ойлап тапқан. 1927 жылы фармацевт Уильям Уокер Хантер Glucozade деп аталатын сусын өндірген. Бұл әлемдегі алғашқы энергетик болып саналады. Алайда, сусынның ауқымды өндірісі 1962 жылы Жапонияда басталған. Ал 80-жылдардың басында энергетиктер Еуропа мен АҚШ-та кеңінен таралды.
"Өндіруші компаниялар әртүрлі болғанымен, барлық энергетиктер құрамы жағынан ұқсас. Олардың үш негізгі компоненттері бар: көп мөлшерде қант, кофеин және таурин. Сондай-ақ құрамында тұрақтандырғыштар мен консерванттар бар. Осының бәрін ескере отырып, бұл сусындарды денсаулыққа қауіпті деп атауға толық негіз бар", – дейді Садықова.
Энергетиктердің зияндылығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулерімен де расталған. Сусындардың қатерлі әсері құрамында витаминдер мен амин қышқылдарының топталуына байланысты. Олардың қалыпты нормадан асуы және кофеинмен араласуы әсіресе кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, сондай-ақ қант диабеті және басқа да аурулары бар адамдар үшін аса қауіпті. Оның үстіне, кофеин тәуелсіз зат ретінде басқа да жанама әсерлер тудыруы мүмкін.
"Кофеиннің шамадан тыс мөлшері галлюцинация мен эпилепсиялық ұстамаларға әкелуі мүмкін. 18 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындар ішуге мүлде болмайды. Қант құрамының жоғары болуы қант диабеті мен семіздіктің даму қаупін арттырады. Бұл сусындарды ішетін балаларда жүрекше фибрилляциясы байқалған, тіпті энергетик тұтыну әсерінен миокард инфарктісі тіркелген", – деп ескертті дәрігер.
Кардиологтардың ортақ пікірінше, бала энергетикалық сусынды оқта-текте ішетін болса да, бұл жүрек ауруына, тіпті, кей жағдайларда оның тоқтап қалуына да әкелуі мүмкін. Зиянды сусыннан тек жүрек-қан тамырлары жүйесі ғана емес, жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары, бүйрек зардап шегеді, қан қысымы көтеріледі.
"Жүргізілген зерттеулер жасөспірімдердің энергетикалық сусын ішулері мен агрессивті мінез-құлық танытулары арасында өзара байланыс барын анықтады. Әсіресе, оларды күнделікті ішетіндерде бұл сипат көбірек байқалады. Жалпы, зерттеу нәтижелері көптеген жағымсыз әсерлерді анықтаған. Әртүрлі елдердің дәрігерлерінен энергетик тұтынудың жағымсыз салдары жайлы хабарламалар келіп түсуде. Олардың қауіптілігі мен сусынға тыйым салу мәселесі бүкіл әлемде қызу талқылануда. Аталған мәселе Қазақстанда да өткір тұр", – деп есептейді Садықова.
2022 жылғы статистикаға сәйкес, қазақстандықтар күн сайын 30 мың литр энергетикалық сусын тұтынады. Бір ғана Алматыда бір жылда тоғыз млн литр, яғни күніне 50 мыңға жуық бөтелке мен банка сатылады.
Тұтынушылардың едәуір бөлігі – балалар (оқушылардың 12%-ы күн сайын энергетик ішеді) және 25-40 жас аралығындағы ер адамдар. Бұл негізінен түнгі ауысымда жұмыс істейтін немесе көп физикалық күш жұмсайтындар.
"Иә, әрине, есте сақтау қабілеті жақсарып, көңіл-күй мен жұмысқа қабілеттілік арта түседі, бірақ бұл жоғарыда аталған тәуекелдерге тұрмайтын қысқа мерзімді әсер ғана. Күш-қуаттың артуы оның бәсеңдеуімен алмасады, өйткені ынталандыру негізінен ағзаның ішкі резервтері арқылы қамтамасыз етіледі", – дейді дәрігер.
Кейбір мамандардың пікірінше, энергетиктер көп ішпейтін, мысалы, бірнеше айда бір банка тұтынатын адамдар үшін қауіпті емес. Дегенмен, дәрігерлер зиянды сусынды мүлдем ішпеуге кеңес береді, өйткені олар тәуелділікке әкелуі мүмкін, соның салдарынан ағзаға "допингсіз" жұмыс істеу қиындай түседі.
Әрине, энергетикалық сусынды өндірушілер өнімдерінің қауіпсіз екеніне барынша сендіруге тырысып бағады. Бірақ медициналық қоғамдастықта мұндай сусынды тұтынудың жағымсыз, қауіпті салдарына байланысты алаңдаушылық артуда. Қоғам белсенділері де дабыл қағып жатыр – энергетиктерді балаларға бақылаусыз сату болашақта тұтас ұлттың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін, сондықтан мұндай сусындарды 18 жасқа толмағандарға сатуды шектеу туралы үндеулер көбейіп келеді.