Жаңалықтар тізбегі
0

Ыстық күнде тершеңдікпен қалай күресу керек?

Ыстық күнде тершеңдікпен қалай күресу керек?, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.06.2023 14:56 Сурет: pixabay
Ыстық күнде тершеңдіктің артуы қалыпты жағдай. Алайда, тым көп терлей берген де адамға айтарлықтай қолайсыздық тудырады. Қазақстандық дерматовенеролог, косметолог Ирина Сегут ыстықта тершеңдікті қалай азайтуға болатынын айтып берді.

Гипергидроз – бұл тершеңдіктің әлсін-әлсін немесе үнемі артуы. Бұл процеске бірнеше фактор әсер етеді: генетикалық бейімділік, салмақ, жаттығу немесе ыстық климатқа әдеттену және әртүрлі аурулар.

"Гипергидроздың себебі қант диабеті сияқты эндокриндік аурулар болуы мүмкін. Сондай-ақ жұқпалы немесе неврологиялық аурулар – жүйке бұзылуы, вегетотамырлық дистония. Сонымен қатар, туберкулез, онкология, жүрек-қан тамырлары аурулары, семіздік және гормоналды өзгерістер кезінде де гипергидроздың белгілері байқалған", – дейді Ирина Сегут.

Сондықтан, егер тершеңдік салмақ қосу немесе ыстық ауа-райы секілді айқын себептерсіз күрт өссе, терапевтпен кеңесіңіз. Ал гипергидроз аурудың салдарынан туса, оны міндетті түрде емдеу қажет. Алайда, шамадан тыс терлеу дененің ерекшелігінен де болуы мүмкін. Ондай жағдайда денсаулыққа қауіп төнбейді, бірақ көптеген қолайсыздықтар тудырады.

"Әдетте, тершеңдіктің артуы келесі факторлардың әсерінен туындайтын қалыпты құбылыс: дене температурасының жоғарылауы, физикалық белсенділік, стресс, ыстық және ащы тағамдар. Негізінен мұндай жағдайларда алақан, қолтық және табан жиі терлейді", – дейді дәрігер.

Тершеңдікпен күресудің ең оңай жолы – салқын бөлмеде болу және аз қозғалу. Алайда, күнделікті жұмыс, дүкенге бару және басқа да шаруалардың қажеттілігіне байланысты дәрігер бірнеше маңызды ұсыныстармен бөлісті.

Дезодорант немесе антиперспирант?

Гипергидрозбен күресуге көмектесетін қарапайым құралдар – дезодорант немесе антиперспирант. Әрине, олар күнделікті қолданылуы керек және олардың айырмашылығын түсіну керек. Біріншісі тердің өткір иісін тудыратын бактерияларды тежейді және ол бірнеше сағат қорғауға қабілетті. Ал екіншісі мүлдем тердің шығуына тосқауыл қояды және 24 сағатқа дейін әсер етеді.

"Дезодоранттар дененің терморегуляциясына әсер етпейді, табиғи тер шығу процесі өзгермейді, олардың жинақтаушы әсері жоқ. Сондай-ақ олар сирек жағдайларда хош иісті қоспалар арқылы дерматит тудыруы мүмкін. Антиперсперанттардың құрамында формальдегид, алюминий тұздары, мырыш, хром, салицил қышқылы сияқты заттар бар. Олар әдетте адамдар үшін қауіпті емес және денсаулыққа зиян келтірмейді", – деп түсіндірді Сегут.

Терлеуге қарсы құралдарды қалай дұрыс қолдану қажет?

Дезодорантты таңертең немесе кешке душтан кейін бірден қолдануға болады, бірақ міндетті түрде құрғақ теріге жағу керек. Таяқша түріндегі сергітетін өнімді 2-3 рет жоғары-төмен жүргізу ұсынылады. Шарикті дезодоранттар әр қолтық аймағына 3-5 рет айналмалы қозғалыспен жағылады.

Ал антиперспирантты ұйықтар алдында қолданған дұрыс, бірақ душтан кейін емес. Қатты терлеуден 6-8 сағат бұрын қолданған кезде әсері жоғары болады.

Дұрыс тамақтану арқылы тершеңдікті азайтуға бола ма?

"Иә, әрине. Ең алдымен, сода мен кофені азайту керек. Кофеин стимулятор болып табылады, жүрек соғуын күшейтеді. Сондай-ақ ыстық, ащы және майлы тағамдарды тұтынуды шектеу керек. Сарымсақ пен пиязды тұтынуды азайтыңыз, өйткені олар теріге өткір, жағымсыз иіс береді. Ал қантты балмен алмастырған дұрыс", – дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, құрамында В дәрумендері бар тағамдарды көбірек тұтыну керек: көкөністер, тұтас дәнді дақылдар, жұмыртқа, бұршақ. Тұзды тұтынуды азайтқан пайдалы, өйткені ол ағзадағы сұйықтықты сақтайды. Ең маңыздысы – көбірек су ішу, ол ағзадағы ылғалдың орнын толтырады. Сондықтан, ыстық күнде аз терлегіңіз келсе, кофе мен шайды сумен алмастырыңыз, алкогольден, ащы және ыстық тағамдардан бас тартыңыз, жеңіл тамақтануға тырысыңыз.

Жалпы, түрлі ұлттар және конфессиялар өкілдері ыстық күнде өздерінің тамақтану рационын айтарлықтай жеңілдетуге тырысқан.

Кейбір тарихшылардың пікірінше, көшпенді қазақтардың тағамдары да жыл мезгіліне сай өзгеріп отырған. Осылайша, жазда көбіне қымыз, айран, салқын көжелер ішкен. Етті кептіріп, қысқа сақтап қалатын болған.

Ал православтар маусым айында Петров оразасын ұстайды. Дегенмен, тамақтануға қатысты қатаң шектеулер жоқ, оларға балық жеуге рұқсат етілген.

Дұрыс киіну керек


"Қанша жерден ашық түсті, тартымды және арзан болса да синтетикадан, нейлоннан, полиэстерден тігілген киімдерден бас тарту керек. Бұл маталар ауа өткізбейді, тершеңдікті күшейтеді. Оның орнына мақтадан, зығырдан, жібектен тігілген кимідер киюге тырысыңыз, өйткені олар ауа өткізіп қана қоймайды, сонымен қатар, теріні салқындатуға және оның құрғауына ықпал етеді. Жазда киімді жиі ауыстырып, жуып тұру керектігін ұмытпаңыз", – деп ескертті Ирина Сегут.

Сондай-ақ ол жазда ауаны жақсы өткізетін ашық аяқ киімдер мен торлы матадан тігілген жеңіл кроссовкалар киюге кеңес берді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: