Бүгін Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туған күні
29 мамырда Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Мағжан пьесасын тамашалаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажет екенін айтқан болатын.
Ал ақынның туған жері - Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жыл – Мағжан жылы деп жарияланды. Осыған байланысты 2023 жылдың ақпан айында-ақ СҚО-да Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын тойлау басталып кеткен болатын.
Күні кеше Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Айта кетсек, Мағжан (Әбілмағжан) Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген.
Медреселерден арнайы білім алған, көзі ашық жас Мағжан кезінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, "Қазақ" газетіне өз өлеңдерін жариялап отырды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болады. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Ол Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. "Алаш" партиясының Ақмола облысы комитетінің мүшесі болады. "Үш жүз" партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.
1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде, "Шолпан", "Сана" журналдарында, "Ақжол" газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы "Батыр Баянды" жазып, жарыққа шығарады.
1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.
1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын "Сәлем хат" деген өлең жазды. Ол "Тілші" газетінде жарияланды.
Ақын 1927-1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы "Жұмабайұлы "Алқа" атты жасырын ұйым құрғаны үшін" деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Мағжан Бекенұлы Алматы қаласына келеді. Аударма ісімен айналысады.
1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.